2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қор нарығын капиталдандыру наурызда 0,3 трлн теңгеге немесе 0,8%-ға азайып, 34,8 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бастап – 2,1%-ға төмендеу).
Акциялар нарығын капиталдандыру 1,4%-ға немесе 0,3 трлн теңгеге 21,6 трлн теңгеге дейін азайды.
2023 жылғы наурызда KASE индексі 3 351,2 тармаққа дейін 0,1%-ға өсті. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 88 эмитенттің 102 акциясы болды, олардың 44 шығарылымы KASE Global секторында айналысқа жіберілді. Ағымдағы жылғы наурызда акциялармен сауда-саттық көлемі 2023 жылғы ақпан айымен салыстырғанда 44%-ға немесе 12 млрд теңгеге азайып, 16 млрд теңгені құрады.
Корпоративтік облигациялар нарығы 2023 жылғы наурызда 0,1%-ға немесе 6 млрд теңгеге 13,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бастап 1,1 трлн теңгеге төмендеу).
Ағымдағы жылғы наурыз айында корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 143 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылғы ақпанмен салыстырғанда 59%-ға немесе 53 млрд теңгеге артық.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 84 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 355 шығарылымы болды.
2023 жылғы наурызда KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 52%-ға немесе 59 млрд теңгеге 171 млрд теңгеге дейін өсті.
KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2023 жылғы наурызда 1,3%-ға немесе 0,3 трлн теңгеге 22,8 трлн теңгеге дейін өсті.
2023 жылғы наурыз айының қорытындысы бойынша KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі бір айда 2%-ға немесе 9 млрд теңгеге азайып, 461 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 8%-ға немесе 31 млрд теңгеге 345 млрд теңгеге дейін төмендеді.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ұжымдық инвестициялар нарығында 45 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 24 аралық, 20 жабық және 1 ашық пай қоры.
Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтер негізінен ҚР эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздар портфелінің өсуі есебінен ағымдағы жылғы наурызда 71 млрд теңгеге немесе 32,8%-ға ұлғайып, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 287 млрд теңгені құрады.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар портфелі 251 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 87,4%-ын құрады, оның 95,7%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.
Бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымында 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 39 брокер мен дилер (16 банк және 23 банктік емес ұйым), 10 кастодиан банк, 20 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 2 инфрақұрылымдық ұйым: KASE және бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі жұмыс істейді. Бұдан басқа, КASE негізінде орталық контрагент жұмыс істейді.
Ағымдағы жылғы наурызда инвесторлар санының өсуі жалғасты. Депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 679 512 қосалқы шотқа дейін 65 751-ге немесе 10,7%-ға өсті (2023 жылдың басынан бері 23,5%-ға немесе 129,2 мың қосалқы шотқа өсу).
Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері ағымдағы жылғы наурызда 0,7%-ға ұлғайып, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 601 млрд теңгені құрады (2023 жылдың басынан бері 3,7%-ға өсу). 2023 жылғы наурызда міндеттемелер 1,0%-ға 175 млрд теңгеге дейін өсті. Меншікті капитал 0,5 %-ға 426 млрд теңгеге дейін өсті.