Қазақстанның киім, тоқыма және аяқ киім нарығының сыйымдылығы соңғы бір жылда 50%-дан астамға өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Жалпы саладағы отандық өнімнің үлесі 10%-дан 9%-ға дейін төмендеді. Импорт көлемімен салыстырғанда қазақстандық кәсіпорындар өздері небәрі 177,9 млрд теңгенің жеңіл өнеркәсіп тауарларын шығарады, тіпті отандық компаниялардағы өндіріс бір жылда ақшалай түрде 6% өскенін ескерсек те көрсеткіш тым аз. Бұл «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ мәліметтері.

Energyprom.kz редакциясы киім сегменттерінің бірі – ішкиімді мысалға ала отырып, қазақстандық жеңіл өнеркәсібінің дамуы мен мәселелерін зерттеді. Мысал өте айқын, өйткені ішкиімдер бір қарағанда кесіндісі мен материалы қарапайым болғанымен, Қазақстанда өте аз өндіріледі. Осы орайда, Қазақстанда мақта өсіріліп, одан мата та дайындалатынын айта кету керек. 

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының ресурстар мен пайдалану тепе теңдігіне сүйенсек, Қазақстан нарығындағы ішкікиімдерде отандық өндіріс үлесі былтыр небәрі 1,2%-ды, ал импорт үлесі 98,8%-ды құрады. Бес жыл бұрын да жағдай осындай болды, түбегейлі ештеңе өзгерген жоқ.

Былтыр қазақстандық кәсіпорындарда ішкиім өндірісінің көлемі небәрі 1,9 млн дана болды, ішкі нарықта жалпы сатылым көлемі 150,2 млн дана болды. Елімізде бұл тауарларды тұтынудың ішкі нарығы өсіп келеді. Былтыр ішкиім сатылымы 20,2% өссе, 2021 жылы өсім 52%-ды құрады. Қандай дағдарыс болса да, қазақстандықтар бұл тауарды үнемі сатып алады.

Бұл көрсеткіштерге қарағанда, мұндай тауарларға деген негізгі қажеттіліктер импорт есебінен өтеледі. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жариялаған кедендік статистика қазақстандықтардың мұндай тауарларға қанша ақша жұмсайтынын есептеуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ішкиімнің тек екі негізгі түрі бойынша импорттың құны 77,2 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Негізгі импорттаушы елдер – Өзбекстан мен Қытай. Былтыр Өзбекстан тоқыма нарығын демпингтік бағамен өте белсенді түрде жаулап алғанын атап өтуге болады.

Санаттардың бірінде – ерлер ішкиімі, кальсон, дамбал, халат – қазақстандықтар сатып алуды екі есе дерлік, 1,6 мыңнан 3 мың тоннаға дейін ұлғайтты және бұл тауарларға 25,8 млн АҚШ долларын төледі (бір жыл бұрынғыдан 2,7 есе көп). Қазақстанда әйелдер іш киімі әлдеқайда көп көлемде сатылады. Бір жыл ішінде әйелдер жалпы сомасы 51,4 млн АҚШ долларына 5,3 мың тонна әртүрлі пеньюар, комбинация, дамбал және панталон сатып алды. Көрсеткіш ақшалай да өсті, алайда бар болғаны 3% ғана.

Өндіріске оралайық. Ең қарапайым мақта іш дамбалын тігу үшін мақта талшығынан тоқылған мата қажет. Қазақстанда мақта тек Түркістан облысында, оның ең оңтүстік аймақтарында өсіріледі. ҚР СЖРА ҰСБ мәліметінше, 2022 жылы облыс диқандары 3,6 млн центнер мақта жинады, бұл өткен маусыммен салыстырғанда шамамен төрттен бірге (24,6%) көп. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, Түркістан облысында жиналған мақтаның тек 15%-ы ғана терең өңдеуден өтеді.

Шикізаттың негізгі бөлігі – бүкіл тоқыма өнеркәсібінің маңызды буындарының бірі – өңделмеген күйінде шетелге сатылады. Былтыр 30,2 мың тонна мақта талшығын экспорттап Қазақстан 66,8 млн АҚШ доллар тапты. Біздің тұтынушыларымыз Молдова, Латвия, Түркия, Өзбекстан және Қытай. Айтпақшы, соңғы үш ел Қазақстанға жіп, түрлі мата, үй тоқыма бұйымдарын және киім сатушы негізгі ел. Бұл сырттан әкелінген киімдердің біразы біздің мақтадан тігілген болуы мүмкін.

Шикізаттың қалған 15%-нан отандық кәсіпорындарда мақта және мақта маталары өндіріледі. Айтпақшы, соңғы бес жылда бұл өнімдердің өнеркәсіптік өндірісі күрт төмендеп, 2022 жылы ең төменгі көрсеткішке түстіт. Мақта 48,8 мың тонна (2017 жылмен салыстырғанда 28,1% азайған), маталар – 11,6 млн шаршы метр өндірілді (52,8% азайған).

Шикізатты өңдеу бойынша өзіндік қуаттың жоқтығы бірінші мәселе. Бұл туралы мақташылар көп жылдан бері айтып келеді. Енді бұл мәселеге тағы бір мәселе қосылды. Егінін жергілікті өңдеу зауыттарына тапсырған диқандар шикізатқа ақша ала алмайды. Олардың алдындағы қарыз қазірдің өзінде 1,5 млрд теңгеден асып кеткен. Диқандарға мақтадан бас тартып, басқа дақылдарды дамытуға кеңес беріледі.

Қазақстандағы тоқыма өнеркәсібінің бұл ауыр тұсы – өңдеудің жоқтығы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің барлық салалық жол карталарында көрсетілген. 2022-2025 жылдарға арналған осындай келесі бағдарламалық құжатта 2025 жылдың қарашасына дейін мақта өңдеуді 70%-ға жеткізу міндеті айтылған. Түркістан облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, өңірде бірнеше жылдың ішінде мақта кешені мен тиісті инфрақұрылымы бар логистикалық хаб құрылады. 2026 жылы Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тоқыма мата шығаратын фабрика ашу жоспарлануда.

Үй тоқыма және тігін өндірісін толық дамытуға мүмкіндік бермейтін жеңіл өнеркәсіптің тағы бір маңызды мәселесі – қосалқы өнеркәсіптердің нашар дамуы. Ішкиімге матадан басқа әртүрлі аксессуарлар қажет – резеңке, өрім, жіп және т.б. Химиялық заттар мен бояулар қажет. Қазір ішкиім нарығында синтетикадан жібекке дейін матаның үлкен таңдауы бар екенін де айта кету керек. Отандық өндірісінің барлық құрамдас бөліктері болмағандықтан, қазақстандық өндірушілерге Қытай және Өзбекстанмен бәсекеге түсу өте қиын.

Түрлі деңгейдегі басқосуларда біздің өндірушілер Өзбекстандағы тоқыма өнеркәсібінің дамуын бірнеше рет мысалға келтірді. 2020 жылы бұл ел шитті мақта экспортынан бас тартып, өзінің өңдеуін жеделдетілген қарқынмен ұлғайта бастады, ақырында оны 40%-дан 100%-ға дейін жеткізді. Бұл ретте сала мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдауға ие болды – салықтарды жоюдан бастап субсидиялауға және иірілген жіп немесе киім-кешек экспортына жәрдемдесу. Енді 2026 жылға қарай Өзбекстан иірілген жіптерді шетелге сатудан бас тартып, мүмкіндігінше қосымша құны жоғары дайын өнім ғана экспортталатын болады.

Қазақстандық жеңіл өнеркәсібінің өндірістік бөлігіндегі осы ауқымды мәселелердің барлығы тіпті ҚР-да өндірілетін тоқыма өнімдерінің бағасы бойынша импортпен бәсекеге түсе алмайтындығына әкелді. Бұл келесі мәселені туындатады. Нарықта бәсекеге төтеп бере алмаған тігін фабрикалары мемлекеттік тапсырыс арқылы өмір сүруге тырысуда. Бұл тапсырыс көлемінің тұрақтылығы тұрғысынан жақсы, бірақ ұзақ мерзімді перспективада кемшілік. Өйткені, коммерциялық нарық алға жылжуда, одан әрі өсіп, дамып, ассортиментін ұлғайту үстінде және қазақстандық өндірушілер бұл үрдісті әлі бұза алмайды.