Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы қазіргі уақытта 12 триллион теңгеге жуық.
Бәрімізге белгілі, зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жарналарынан бөлек, ол қаражатты инвестициялаудан алынған инвестициялық табыстан да тұрады.
Зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.
Тәуекелдерді азайту мақсатында қаржы құралдары инвестициялаудың түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылады. Қазіргі уақытта инвестициялардың үштен екісі теңгемен және қалған үштен бірі шетел валютасымен, соның ішінде басым бөлігі АҚШ долларымен номиналданады.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Мысалы, егер доллардың теңгеге шаққандағы бағамы өссе, тиісінше зейнетақы шотындағы қаражат көлемі де ұлғаяды.
2020 жылғы наурыздан бастап зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығына теңге бағамының АҚШ долларына қатысты өзгеруі үлкен әсер етті.
Мәселен, наурызда АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 381-ден 448 теңгеге дейін артты. Валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау зейнетақы активтері бойынша таза инвестициялық табыстың елеулі өсуіне әсер етті.
Сәуір айында керісінше, АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 448 теңгеден 424 теңгеге дейін төмендеп, нығая түсті. Ұлттық валютаның нығаю үрдісі 2020 жылдың мамырында да жалғасты. АҚШ долларының құны 411 теңгеге дейін төмендеді. Маусымның алғашқы күндері ұлттық валюта бағамының 1 АҚШ доллары үшін 402 теңгеге дейін төмендеуімен сипатталды. Тиісінше, валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін теріс бағалау орын алды, ол өз кезегінде инвестициялық табыстың төмендеуіне ықпал етті.
Инвестициялық кіріс құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша алынған табыстар және т. б. кіреді.
Инвестициялық табыс – тұрақсыз шама, сол себепті ол қысқа мерзімдік кезеңде оң немесе теріс болуы мүмкін.
Айта кетерлігі, 2020 жылдың қаңтарынан бастап 2 маусымына дейін салымшылардың шоттарына 433,6 млрд теңге көлемінде таза инвестициялық табыс есептелді.
Қаңтар айында таза инвестициялық табыс +28,15 млрд теңгені, ақпан айында +111,7 млрд теңгені, наурыз айында +521,8 млрд теңгені, сәуір айында – 125,6 млрд теңгені, мамырдан бастап 2 маусымға дейінгі аралықта – 102,4 млрд теңгені құрады.
Наурыз айында инвестициялық табыстың айтарлықтай өсуі (+521,8 млрд.теңге), сәуір, мамыр және маусым айының басында инвестициялық табыстың төмендеуі байқалады. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 2 маусымына дейінгі кезеңдегі инвестициялық табыстың жалпы сомасы +433,6 млрд теңгені құрап, оң нәтижеге қол жетті.