Мәжіліс Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту туралы келісімді ратификациялады. Келісім 2023 жылғы 17 қазанда Бейжіңде жасалған.
Бұл келісім екі ел аумағы арқылы контейнерлік пойыздар үшін экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдауды арттыру бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған.
Келісімді жүзеге асыру нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдаудың жыл сайынғы көлемі, екі мемлекеттің аумағында жылжымалы құрамды қадағалау бойынша деректер алмасу бекітіледі. ҚХР Транскаспий халықаралық көлік бағытының мұнай құбыры мен порт инфрақұрылымы жобаларын қаржыландыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы жүктерді транзиттік тасымалдауды жүзеге асыруға жәрдемдесетін болады.
2023 жылы ТХКБ арқылы контейнерлік тасымалдар 39 пайызға төмендеген (20,5 мың TEU). 2022 жылы 33,6 мың TEU. Дегенмен 2024 жылдың 4 айының соңында контейнерлік тасымалдау 10,4 мың ТЭU құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70,4 пайызға өскен (6,1 мың TEU).
Еуропалық қайта құру және даму банкінің бағалауы бойынша, инвестициялық жобаларды іске асыру және ТХКБ-де үздіксіз байланысты қамтамасыз ету шаралары арқылы ТХКБ бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі 2040 жылға қарай 470 мың контейнерге дейін ұлғайтылады. Ал жалпы Орталық Азия елдерін есепке алғанда 800 мыңнан астам TEU.
Транскаспий халықаралық көлік бағытының Азиядан Еуропаға тікелей жүк жеткізу мүмкіндігі зор. Бүгінде бұл жол арқылы мұнай, мұнай өнімдері, металдар, астық, химиялық заттар, сода және басқа да тауарлар экспортталады. Импортта тұтыну тауарлары, азық-түлік, темір рудалары, қара металдар, химиялық заттар, түсті рудалар, мұнай өнімдері басым. Транзиттік бағытта да халық тұтынатын тауарлар, азық-түлік, астық, құрылыс материалдары, қара металдар, химия және сода басым.