Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап алдағы жылдарға бекітілген бюджетке сәйкес:
- ең төменгі жалақы 85 000 теңгені (+15 000 теңге) құрайды;
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңгені (+242 теңге) құрайды;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңгені (+3 800 теңге) құрайды;
- ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 853 теңгені (+4 700 теңге) құрайды;
- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін өмір сүру минимумы 43 407 теңгені (+2 800 теңге) құрайды.
Жасы бойынша зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне бөлінген қаражат олардың сомаларының 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ға ұлғаюы ескеріле отырып беріледі.
Сол күні «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферттер туралы» заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, алдағы үш жылға Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт көлемі жыл сайын 2 трлн теңгені құрайтын болады (2023 жылы нысаналы трансферт мөлшері 2,2 трлн теңге болды).
Республикалық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға 2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 триллион теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда.
Заң сондай-ақ мұнайға шекті бағаларды белгілейді:
- 2024 жыл – барреліне 43,4 доллар;
- 2025 - барреліне 40,2 доллар;
- 2026 - барреліне 41,8 доллар.
Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 миллиард долларға дейін қалпына келеді, одан әрі өсу 2025 және 2026 жылдары тиісінше 80,7 миллиард және 93,3 миллиард долларға жетеді деп күтілуде.