2023 жылғы қаңтарда жылдық инфляция, біз күткендей, өсуін жалғастырып, 20,7%-ды құрады, дейді Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Оның айтуынша, 25,7%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 20,2%-ға, қызметтер бағасының өсуі – 14,2%-ға дейін жеделдеді.  

Инфляция баяулап келеді

Айлық инфляция биылғы қаңтарда 1,1%-ды құрап, төрт ай қатарынан баяулауын жалғастырды. Айлық инфляция төмендегеніне қарамастан, орташа тарихи мәндерден жоғары деңгейде қалыптасып отыр.   

Базалық инфляция әртүрлі бағалауларға сәйкес баяулағанына қарамастан, экономикада жоғары инфляциялық ортаның сақталуын көрсетті, дейді төраға. 

Елдегі инфляциялық процестер біраз тұрақталды. Бірақ жоғары ішкі сұранысқа, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты инфляция жоғары деңгейде қалыптасуда.

Инфляциялық күтулер 2022 жылдың желтоқсан айында тарихи ең жоғары деңгейге жеткеннен кейін қаңтар айында 17,3%-ға дейін төмендеді. Бағалау халықтың ағымдағы инфляциялық ортаны әлі де жоғары деңгейде сезінетінін көрсетіп отыр. Олардың төмендеу тренді әлі қалыптаспаған. Бұл инфляцияның тез баяулауына кедергі келтіреді.

Сұраныс әлі де жоғары

Биылғы қаңтарда Қазақстанда нақты жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны өткен жылғы төмен база себебінен 5,6%-ды құрады. Тауар өндірісі 2,3%-ға, қызмет көрсету саласы 7,6%-ға өсті. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалуда, ең жақсы көрсеткіштер сауда (+ 19,4%), ақпарат пен байланыс (+ 18,1%), сондай-ақ құрылыс (+ 12,5%) саласында орын алды.

Инфляцияның айтарлықтай өсуіне және халықтың нақты табысының төмендеуіне қарамастан, тұтынушылық сұраныс әлі де оң қалпында қалып отыр. Тұтынушылық кредиттеудің өсуіне, жоғары инфляциялық күтулерге орай азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының өсуі сақталуда. Бұл азық-түлікке жатпайтын импорттың артуына әкеледі.

Қаңтарда негізгі капиталға инвестициялар 18,3%-ға (ж/ж) дейін өсті. Атап айтқанда, өнеркәсіпке қаражат салу көлемі 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлік операцияларында – 33,7%-ға, көлік пен қоймада сақтау саласында – 31,8%-ға өсті.

Сыртқы факторлар жақсара бастады

Геосаяси жағдайдың айқын болмауы және азық-түліктің жоғары бағасы – сыртқы ортаның негізгі проинфляциялық факторлары болып қалды.

Дегенмен сыртқы инфляциялық орта жақсара бастады. Көптеген елдерде, оның ішінде, Қазақстанның сауда әріптес елдерінде инфляциялық процестердің баяулағаны байқалады. Бұған шикізат пен тауар нарығындағы қысымның төмендеуі мен тауар жеткізу тізбектері жағдайының жақсаруы ықпал етіп отыр.

Жалпы алғанда, жаһандық инфляция одан әрі төмендейді деп күтілуде. Бұған астық өнімінің мол алынуы, астық мәмілесін сақтау нәтижесінде астық бағасының төмендеуі және әлемдік экономикадағы өсудің баяулауы ықпал ететін болады. Нәтижесінде, бұл Қазақстандағы бағаларға да қысымның әлдеқайда әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Соған қарамастан, алдағы екі жылда көптеген елде инфляция нысаналы таргеттен жоғары болады. Осыған  орай сыртқы монетарлық жағдай қатаң қалпын сақтап, көптеген елдегі экономикалық белсенділікті тежейтін болады.   

Әлемдік мұнай нарығында қалыпты оң динамика күтіледі. Әлемдік сұраныс 2023 жылы рекордтық деңгейге дейін артады деп күтілуде. Пандемиядан кейін экономиканың ашылуына байланысты Қытай сұраныстың өсуіне ең үлкен үлес қосатын болады. Болжам бойынша, Ресейде мұнай өндіру ең алдымен, эмбарго мен мұнай өндірудің ерікті түрде қысқаруына байланысты азаятын болады. 

Базалық сценарийге сәйкес, Brent маркалы мұнай бағасының 2023 жылы қазіргі деңгейден 1 баррель үшін 90 долларға дейін біртіндеп көтеріледі деп болжанып отыр. Биыл мұнайдың орташа бағасы 1 баррель үшін 87,7 долларды құрап, 2024 жылы 85 долларға дейін біртіндеп төмендейді. Оптимистік сценарий бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін 110 доллар, ал пессимистік сценарий кезінде 1 баррель үшін 50 долларды құрайды.

2023 жылы инфояция 12 пайыздан аспайды

Жаңа сценарий шарттары мен сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, инфляция болжамдары біршама төмендеу жағына қайта қаралды. Мәселен, біздің болжамымыз бойынша, жылдық инфляция 2023 жылы 9-12%, 2024 жылы 6-8% және 2025 жылы 4-6% шегінде қалыптасады. 2023 жылы Қазақстандағы фискалдық ынталандыру мен сауда әріптес елдердегі инфляцияның динамикасына қатысты белгісіздік болжам ауқымын кеңейтті. Өткен жылғы базаның әсерінен жылдық инфляцияның ең жоғары шегі биылғы бірінші тоқсанда өтеді.

Инфляция болжамдарының жақсаруы ФАО-ның дәнді дақылдарға қатысты индексінің болжамды төмендеуіне, Қазақстандағы астық өнімінің мол алынуына, теңгенің нақты айырбастау бағамының нығаюына, сондай-ақ алдыңғы болжамды раундпен салыстырғанда миграциялық шоктың көрсетілетін қызметтерге ұстамды әсеріне байланысты.

Қазақстан экономикасының өсуінің болжамдары да жақсарды. Алдағы үш жылда жалпы ішкі өнімнің 3,5-4,5% деңгейінде өсуі күтілуде. Болжамдар мұнайды өндіру мен экспорттау бойынша күтулердің жоғарылауына байланысты қайта қаралды.