Біздің нарыққа шығатын алғашқы модель — Kia EV6, деп хабарлайды kolesa.kz.
Kia ЕАЭО нарығына, нақтырақ айтсақ Ресейге электромобиль жеткізу жоспарда барын жазда хабарлаған. Енді келер жылы бес есікті EV6 сатылымға шығатыны белгілі болды.
Бастапқыда компания электрлі өнімін Мәскеу мен Санкт-Петербургте саудалайды. Kia көлік сатумен шектелмей, жергілікті дилерлер көмегімен қуаттау бекеттерін салуды да көздеп отыр.
Еске салайық, Kia EV6 2021 жылдың басында таныстырылды. Ол марканың E-GMP платформасында жасалған алғашқы моделі. Гаммада артқы және толық жетекті нұсқалар бар. Электромобиль 170-тен 585-ке дейін ат күшін береді. Сонымен қатар сыйымдылығы 58 немесе 77.4 кВт∙сағ болатын екі батарея қолжетімді болады.
Жаңа көліктің бағасына қатысты ақпарат айтылмады. Ал Еуропада EV6-ның мемлекеттік субсидияны қоспағандағы құны 45 мың еуродан басталады.