2022 жылғы желтоқсанда ЕДБ-ның экономиканы кредиттеуі бір айда 2,7%, бір жылда 23,3% ұлғайып, 22 811,9 млрд теңгені құрады.
Жеке тұлғаларды кредиттеу 14 158,4 млрд теңгеге дейін бір айда 1,9% өсті. Жеке тұлғаларға кредиттердің құрылымындағы негізгі үлесті құрайтын тұтынушылық кредиттеу 7,7 трлн теңгеге дейін 1,0% өсті. Қарашада ірі банктердің маркетингтік акцияларды өткізуі аясында бір жылда 27,3% едәуір өсуінен кейін желтоқсанда жылдық өсім 25,3%-ға дейін баяулады. Ипотекалық кредиттеудің өсу қарқыны қарашада бір жылда 42,0%-дан 42,5%-ға дейін жеделдеді.
Заңды тұлғалардың кредиттері 8 653,5 млрд теңгеге дейін бір жылда 11,5% өсті. Желтоқсанда заңды тұлғалардың кредиттік портфелінің айлық өсуі 4,0% болды (2022 жылғы наурыздан кейінгі ең жоғары көрсеткіш).
Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 20 960,8 млрд теңгеге дейін бір айда 2,7%а ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 6 808,8 млрд теңгеге дейін 4,3%, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 14 151,9 млрд теңгеге дейін 1,9% өсті.
Шетел валютасындағы кредиттердің көлемі 1 851,1 млрд теңгеге дейін бір айда 2,8% ұлғайды (валюталық баламада 4,2% өсу байқалды). Валюталық кредиттеудің ұлғаюына заңды тұлғаларға берілген кредиттер (2,8% өсті) негізгі үлес қосты. Жеке тұлғаларға валюталық қарыздар 10,9% төмендеп, 2022 жылғы наурыздан бастап төмендеу үрдісін жалғастырды.
Нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2022 жылғы желтоқсанның соңында 91,9% болды (2021 жылғы желтоқсанда – 89,7%).
Желтоқсанда ұзақ мерзімді кредиттермен (мерзімі – 1 жылдан ұзақ) салыстырғанда қысқа мерзімді кредиттердің (мерзімі – 1 жылға дейін) асып өсуі тіркелді. Қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 3 968,4 млрд теңгеге дейін бір айда 7,3%-ға, ұзақ мерзімді кредиттер 18 843,5 млрд теңгеге дейін бір айда 1,8%-ға ұлғайды.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу желтоқсанда 4 530,2 млрд теңгеге дейін 1,7% ұлғайды, алайда жылдық өсім (бір жылда 22,8%) 2022 жылғы шілдеден бастап баяулауын жалғастырды.
2022 жылғы желтоқсанда банктік емес заңды тұлғаларға теңгемен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 19,2%-ға дейін (қарашада – 18,4%), жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша 17,4%-ға дейін (15,3%) өсті. Қарашада ірі маркетингтік акциялардың өтуі аясында мөлшерлемелердің айтарлықтай төмендеуінен кейін жеке тұлғалар үшін кредиттер құны өсті.