Биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, білім саласындағы орташа айлық атаулы жалақы 293,3 мың теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғыдан 25,4% көбейді. Саладағы жалақының сатып алу қабілетінің нақты өсімі инфляцияны есепке алғанда 10,1%-ды құрады. Салыстыру үшін: республикалық орташа атаулы жалақы былтырдан бері 8,9% өсіп 312 мың теңгені құрады, деп хабарлайды ranking.kz.
Өңірлер бойынша білім беру саласындағы ең жоғары жалақыны елордалық қызметкерлер алады: 414 мың теңге, былтырғыдан 18% артық. Нұр-Сұлтандағы жалақы орташа республикалық деңгейден 41,1% жоғары. Екінші және үшінші орында Алматы (335,7 мың теңге, 26,4% өсім) және Маңғыстау облысы (326,2 мың теңге, 21,7% өсім). 20 өңірдің 6-да ғана саладағы жалақы республикалық орташа деңгейден жоғары.
Саладағы ең төмен жалақы мектепке дейінгі білім беру саласында байқалады: бар болғаны 147,3 мың теңге, нақты жылдық өсім – 11,2%. Бастауыш білім беру сегментінде орташа айлық атаулы жалақы 243,5 мың теңгені (инфляцияны ескере отырып өсім 10,5%), орта білім беру саласында – 343,5 мың теңгені (10,2% өсім), жоғары білім беру сегментінде – 323,1 мың теңгені (12,7% өсім) құрайды.
Білім берудің көмекші қызметтері саласында көрсеткіш 216,8 мың теңгені (нақты өсім – 7,5%), білім берудің басқа түрлері сегментінде – 221,9 мың теңгені (нақты өсім – 4,8%) құрады.
Биылғы жылдың екінші тоқсанында білім беру саласында жұмыспен қамтылғандар саны 1,1 млн адамды құрады, бұл былтырғыдан 1,4% көп.
Жұмыспен қамтылғандар ең көп Түркістан облысында тіркелді: 144,5 мың адам, былтырғыдан 1,3% көп. Үздік үштікке сондай-ақ Алматы қаласы (99 мың адам, 2,7% өсім) және Алматы облысы (80,6 мың адам, 37% кему) кірді.
Салада ең аз жұмыспен қамтылғандар жаңадан құрылған Ұлытау өңірінде тіркелген: 14,4 мың адам.