2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 26 сақтандыру ұйымы бар, оның 9-ы – өмірді сақтандыру бойынша.
2022 жылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 2,1 трлн теңгеге дейін 13,0%-ға ұлғайды (2022 жылғы желтоқсанда 0,2%-ға өсу). Активтердің ұлғаюы негізінен сақтандыру қызметі бойынша кірістердің өсуі нәтижесінде болды. Активтер құрылымында ең көп үлес – 1,5 трлн теңге (активтердің 74,1%-ы) бағалы қағаздарға тиесілі, олар 2022 жылы 16,2%-ға өсті (2022 жылғы желтоқсанда 1,8%-ға өсу).
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2022 жылы 1,3 трлн теңгеге дейін 18,8%-ға ұлғайды (2022 жылғы желтоқсанда 1,6%-ға өсу). Міндеттемелердің ұлғаюы негізінен сақтандыру резервтерінің 1,1 трлн теңгеге дейін 23,1%-ға ұлғаюы есебінен болды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2022 жылы 775 млрд теңгеге дейін 4,5%-ға өсті (2022 жылғы желтоқсанда 2,0%-ға төмендеу).
2022 жылы жеке және заңды тұлғалар бойынша 12 314 599 сақтандыру шарты жасалды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,9%-ға көп (2022 жылғы желтоқсанда – 1 143 902 шарт). Мұндай өсу, негізінен, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша жасалған шарттар санының 7,7%-ға немесе 441 916 данаға және туристі сақтандыру шартының 58,7%-ға немесе 301 641 данаға ұлғаюына байланысты болды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2022 жылы 772 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылға қарағанда 10,5%-ға көп (2022 жылғы желтоқсанда – 74 млрд теңге).
Міндетті сақтандыру бойынша 2022 жылы қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 170 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 28,6%-ға көп (2022 жылғы желтоқсанда – 17 млрд теңге). Өсу, негізінен, қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру есебінен 55,3%-ға немесе 22,6 млрд теңгеге ұлғаюына байланысты болды.
Ерікті жеке сақтандыру бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2022 жылы 278 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,4%-ға аз (2022 жылғы желтоқсанда – 23 млрд теңге). Төмендеу, негізінен, зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары алымының 63,4%-ға немесе 38 млрд теңгеге азаюына байланысты болды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары 2022 жылы 267 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 21,6%-ға көп (2022 жылғы желтоқсанда – 34 млрд теңге). Өсу, негізінен, мүлікті зияннан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар сомасының 13,1%-ға немесе 19 млрд теңгеге және автокөлікті сақтандыру бойынша 51,9%-ға немесе 18 млрд теңгеге ұлғаюымен байланысты болды.
2022 жылы сақтандыру төлемдерінің көлемі 191 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылға қарағанда 50,4%-ға көп (2022 жылғы желтоқсанда – 26 млрд теңге). Барлығы 916 926 төлем жүзеге асырылды.
Сақтандыру секторының, негізінен, сақтандыру қызметінен түскен кіріс есебінен алынған таза пайдасы 137,5 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылға қарағанда 16,2%-ға көп (2021 жылы – 118,4 млрд теңге).