2023 жылғы қыркүйекте Мемлекеттік кірістер комитеті Яндекспен бірлесіп платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаны іске қосты. 2024 жылғы 4 қыркүйектегі жағдай бойынша пилоттық жобаға қатысушылар саны 14,7 мың такси жүргізушісін құрады.

2024 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы салық және әлеуметтік кодекстерге (2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енді), оның ішінде әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесінің мөлшерін 1%-ға дейін төмендетуді (барлығы 4% - ЖТС, МЗЖ, ӘА, МӘМС, бұл ретте әлеуметтік төлемдердің стандартты мөлшерлемесін қолдану құқығы сақталады) және интернет-платформа операторларын салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу және төлеу жөніндегі салық агенттері деп тануды көздейтін өзгерістерге қол қойды.

Жоғарыда аталған түзетулер такси жүргізушілеріне жүктемені азайту, сондай-ақ салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуді оңайлату мақсатында іске асырылды.

Такси жүргізушілеріне салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша өз міндеттемелерін мына тәсілдердің бірімен орындау мүмкіндігі берілді:

  • 4% мөлшерлеме бойынша есептеу (ЖТС - 1%, МЗЖ - 1%, ӘА - 1%, МӘМС-1%);
  • бір ең төменгі жалақыдан есептеу (МЗЖ – 8 500 теңге, ӘА – 2 975 теңге, МӘМС - 5 950 теңге және табыстың 1% ЖТС);
  • әлеуметтік төлемдердің стандартты мөлшерлемесін қолдана отырып, іс жүзінде алынған табыстан есептеу (МЗЖ - 10%, ӘА – 3,5%, МӘМС - 1,4% - дан 5% және табыстың 1% ЖТС).

ҚР Әлеуметтік кодекске сәйкес әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша міндеттемелерді орындау жүргізушінің екі және (немесе) одан да көп ұйымдарда еңбек қызметін жүзеге асыруына қарамастан, оның барлық кірістері (жұмыс орны) бойынша туындайтынын атап өтеміз.

Яғни, егер жүргізуші бір уақытта бірнеше платформада жұмыс істесе, онда әрбір Оператор ЖТС және әлеуметтік төлемдерді жүргізушінің табысынан әр платформа бойынша бөлек ұстауға міндетті.