Қазірдің өзінде 10 мыңнан астам адам жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы өтініш берді, деп хабарлады ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, банкроттық рәсімін ең көбі 1,1 миллион адам пайдалана алады.

«Бұл ерікті. «Банкрот» деген мәртебенің қара таңба екенін ескеріп, несие алуға бес жылдық шектеу болатынын жеті жыл банкроттық тізілімде тұратынын ескере отырып, азаматтардың көпшілігі саналы шешім қабылдайтынына сенімдімін. Біз дәл бір миллион адам келеді деп болжам жасай алмаймыз. Бірақ қаңтар айының 25 күнінде 10 мыңнан астам адам өтініш білдірді», - деді Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар, соттың банкроттық рәсімі тегін болмайды.

«Соттың банкроттық рәсімдерін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олардың қызметі ақылы, борышкердің мүлкі есебінен – айына бір ең төменгі жалақы, 2023 жылы – 70 мың теңге», – деді Ержан Біржанов.

Оның айтуынша, әлеуметтік жағынан осал санаттағы, мүлкі жоқ азаматтар үшін қаржы басқарушыларлының қызметі мемлекет есебінен төленетін болады.

«Қаржы басқарушылары заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, бухгалтерлер, заң консультанттары және аудиторлар кіреді», - деді вице-министр.

Сондай-ақ аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары соттан тыс банкроттықпен айналысатыны белгілі болды.

«Соттан тыс банкроттық банктерге, микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктерге берешегі 1600 АЕК-тен аспайтын немесе 5,52 миллион теңгеден астам берешекті 12 ай ішінде төлемеген жағдайда, мүлкі болмаған қарыздар бойынша ғана мүмкін болады. Соттан тыс банкроттықтың өзін мемлекеттік кірістер органдары, аудандық бөлімдер жүзеге асырады», - деді Ержан Біржанов.