Мамыр айында теңге бағамының нығаюына сыртқы факторлармен қатар ішкі факторлар да оң әсер етті.

Сыртқы факторлардан мұнай бағасының қымбаттауы доллардың теңгеге шаққандағы бағамын айтарлықтай төмендетті.

Ал ішкі факторларға келер болсақ, Ұлттық қордағы валютаны биржада сату нарықтағы сұранысты өтеп, ұлттық валютаға қосымша қолдау болды. Нақтырақ айтқанда, карантинге байланысты халық пен бизнесті қолдау мақсатында республикалық бюджеттен көбірек ақша бөлінуі керек болды. Алайда, аяқ асынан келген шығынды өтеуге бюджетте қаражаттың қарастырылмағаны белгілі. Осы орайда, Үкімет Ұлттық қордан ақша алуға мәжбүр болды. Ал Ұлттық қордағы қаражат АҚШ долларымен сақталатыны белгілі. Сондықтан, халық пен бизнеске көмек беру үшін Ұлттық қордағы долларды теңгеге айналдыру керек болды. Ол үшін долларды биржада сату керек еді.

Биржада қосымша доллардың пайда болуы сұранысты жауып, шетел валютасына тапшылықты жойды. Бұл доллар бағамының төмендеуіне ықпал етті.

Сонымен қатар, Самұрыққа қарасты компаниялардың да өз табыстарының бір бөлігін биржада сатып, теңгеге айналдыруы туралы Президенттің тапсырма бергенін де ертеректе хабарлаған едік.