Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес ұлттық валютаның айырбастау бағамын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін ішкі
валюта нарығында сату туралы шешім қабылдады.
Аталған шешім жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі 50%-дан асатын экспорттаушы кәсіпорындарға, оның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниясына қатысты және төтенше жағдай кезінде «Самұрық-Қазына» экспорттан түскен доллардың жартысын ішкі нарықта сатуға шығаруы керек.
Үкімет және Ұлттық Банк ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс пен ұсынысқа мониторинг жүргізу мақсатында үйлестірілген жұмысын жалғастырады.
Қабылданатын шаралар айырбастау бағамын тұрақтандыруға, валюта ұсынысын қамтамасыз етуге, негізсіз құбылмалылықты болдырмауға бағытталды және іргелі үрдісті қалыптастыруға кедергі келтірмейді.
Естеріңізге сала кетейік, 10 наурызда Ұлттық банк теңгенің базалық мөлшерлемесін бірден 9,25 пайыздан 12 пайызға өсірген еді. Дегенмен, арада бір ай өтпей Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қайтадан 9,50 пайызға төмендетті. Ондағы себеп, елдегі экономикалық белсенділік төмендеп кеткен еді.
Ал 19-20 наурыздағы ажиотажда девальвация одан сайын ушығып кетпеуі үшін Ұлттық банк франкфурттық аукцион енгізді. Бұл туралы баспасөз хабарламалары тарағанымен, ешкім ашып түсіндіріп берген жоқ. Франкфурттық әдіс дегеніміз - қор нарығындағы компаниялардың сатып алатын шетел валютасына шекті сома бекіту. Яғни, бұл жерде Ұлттық банк шектеулі валютаны биржаға қатысушылар арасында теңдей үлетіріп берді.
Сонымен қатар, 19 наурызда қабылданған және бір қаулыда заңды тұлғалардың жаппай валюта сатып алуына шектеу қойылды. Яғни, әлдебір заңды тұлға 50 мың доллардан көп немесе осы сомаға тең шетел валютасын сатып алса, он күн ішінде соны өз мақсатына жұмсауы керек. Егер жұмсамаса, валютаны қайта сатып жіберіп, қайтадан теңге алуы тиіс.
Жоғарыда аталған шаралардың барлығы ұлттық валютаның девальвациясын сәл де болса төмендету үшін қабылданғаны анық. Енді нарықтағы доллар тапшылығын төмендету үшін Президент "Самұрық-Қазынадағы" артық валютаны жұмсау туралы шешім қабылдап отыр.