Қазақстанда халықаралық ақша аударымы нарығында ресейлік «Золотая Корона» үлесі шілдедегі 89,3%-дан тамызда бірден 51,7%-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды Ұлттық банктің жедел статистикасы. 

Есесіне Western Union үлесі 7,1%-дан 30,3%-ға, Moneygram үлесі 1,8%-дан 16,4%-ға өсті.

Еске салайық, 2024 жылдың 23 тамызында АҚШ «Золотая Коронаға» бағдарламалық қамтамасыз ететін «Қаржы технологиялар орталығы» ақпараттық технология компаниясына санкция салған болатын. Санкция төлем жүйесінің өзіне әсер еткен жоқ, бірақ көптеген қазақстандық банктер онымен ынтымақтастықтан бас тартты.

Жалпы, 2024 жылғы тамызда халықаралық ақша аударымы жүйелері арқылы жасалған транзакциялар көлемі шілде айымен салыстырғанда 5,6%, 79,6 млрд теңгеге дейін, ал аударым саны 8,5%, 189,8 мың транзакцияға дейін қысқарды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштер одан да төмендеді: сомасы 25%, аударым саны 29% азайған.