Кәсіпкерлік кодексі бизнестің жаңа жұмыс орнын ашуына кедергі — Ақ жол партиясы

«Ақ жол» депутаттық фракциясы бизнесті ірі кәсіпкерлік субъектісіне жатқызу тәртібін қайта қарауды ұсынды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәурен Ахметжанов премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Қазір Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабының 6-тармағына сәйкес, орташа жылдық жұмысшылар саны 250 адамнан асатын және (немесе) орташа жылдық табысы 3 млн АЕК-тен (шамамен 13 млрд теңге) жоғары кәсіпорындар ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатады.

Депутаттың пікірінше, қызметкерлер саны кәсіпорынның нақты экономикалық ауқымын әрдайым көрсете бермейді. Мысалы, еңбек көп қажет ететін өндіріс немесе қызмет көрсету саласындағы компанияда жұмысшылар саны көп болғанымен, оның табысы мен активтері салыстырмалы түрде аз болуы мүмкін.

Ал капиталды көп қажет ететін өндірісте қызметкерлер саны аз болса да, кәсіпорынның өндіріс көлемі, активтері мен бюджетке төлейтін салықтары жоғары болуы ықтимал.

«Ақ жол» осыған байланысты қызметкерлер санын ірі бизнес критерийінен алып тастауды ұсынып отыр. Депутаттардың пікірінше, компанияның санатын анықтауда негізгі көрсеткіштер ретінде жиынтық жылдық табыс пен активтердің құнын пайдалану керек.

Фракция бұған дейін де осы мәселені көтерген. 2023 жылғы 30 қарашадағы депутаттық сауалда «Ақ жол» орта бизнестің жоғарғы шегін 3 млн АЕК-тен 6 млн АЕК-ке дейін көтеруді ұсынған.

Енді депутаттар бизнесті жіктеу тәсілін түбегейлі қайта қарауды ұсынып отыр.

«Ақ жол» не ұсынады?

  • қызметкерлер санын ірі бизнеске жатқызудың жеке критерийі ретінде алып тастау;

  • ірі бизнесті жиынтық жылдық табыс пен активтерінің құны арқылы анықтау;

  • тиісті шекті белгілеу;

  • тек қызметкерлер санына байланысты ірі бизнес санатына өткен компаниялардың санын анықтау;

  • оларды орта бизнес санатына ауыстырудың салдарын бағалау;

  • талдау қорытындысы бойынша Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабына өзгерістер енгізу.

Депутаттар бұл ұсыныс бизнеске қойылатын талаптарды әлсіретуді немесе салықтарды төмендетуді көздемейтінін атап өтті. Негізгі мақсат – кәсіпорынның нақты экономикалық көлемін дәлірек анықтап, бизнестің өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруына кедергі келтірмеу.