Шымкенттен Алматыға жанармай құбыры салынады

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жұмыс істеп тұрған МӨЗ-дерді кеңейту жұмыстарының ағымдағы жай-күйі мен мерзімдері туралы баяндады.

2030 жылға қарай Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 2031 жылға қарай 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Атырау мұнай өңдеу зауытында тиімділікті арттыру жобасы жүзеге асырылуда; 2027 жылы аяқталуы жоспарланған жоба аясында зауыттың өндірістік қуаты 5,5 млн тоннадан 6,1 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Одан бөлек, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аясында «Кеңқияқ – Атырау» және «Кеңқияқ – Құмкөл» магистральдық мұнай құбырларының, «Текесу» стансасының өткізу қабілетін кеңейту, сондай-ақ қуаттылығы жылына 3,5 млн тоннаға дейін жететін «Шымкент – Алматы» мұнай өнімдері желісін салу қарастырылған.

Жалпы, жұмыс істеп тұрған үш МӨЗ-ді кеңейту жобаларын жүзеге асыру олардың жиынтық қуатын жылына 17,5 млн-нан 28,8 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев төртінші МӨЗ салу мәселесі пысықталып жатқаны туралы баяндады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, ұзақ мерзімді перспективада елдің мұнай өңдеу қуаттылығына деген қажеттілік жылына 40 млн тоннаға жетуі мүмкін.

Премьер-министр жыл соңына дейін төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бойынша кешенді бағалауды аяқтап, оның оңтайлы қуатын, конфигурациясын, шикізат базасын, орналасу орнын және экономикалық моделін айқындай отырып, түпкілікті шешімдер қабылдауды тапсырды.