Жиырма жылда субсидиядан пайда болған жоқ

Қазақстанда соңғы 20 жылда жүзеге асырылған индустриялық бағдарламалар мен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары экономиканы әртараптандыруда айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Қомақты қаржы бөлініп, түрлі жеңілдетілген несие мен субсидиялау тетіктері іске қосылғанымен, Қазақстан экономикасының шикізатқа тәуелділігі әлі де жоғары. Бұл туралы Ұлттық банктің «Экономикалық шолу» басылымында жарияланған зерттеуде айтылған.

Зерттеуде 2003–2025 жылдар аралығындағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларының бірнеше кезеңі, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген несие тетіктері талданған.

Ұлттық банк сарапшылары мемлекеттік бағдарламалардың стратегиялық мақсаттары бір-біріне ұқсас болғанымен, оларды қаржыландыру көптеген параллель құралдар мен институттар арқылы жүзеге асқанын атап өтеді.

Нәтижесінде мемлекеттік қолдаудың ауқымды болуына қарамастан, экономиканың құрылымдық өзгерісі күткен деңгейге жетпеген. Атап айтқанда:

  • Қазақстан экономикасы, ең алдымен, мұнай-газ саласына тәуелді болып қалды;

  • экспорт құрылымында шикізат тауарларының үлесі басым;

  • өңдеу өнеркәсібінің экспорттағы және экономиканың күрделілік деңгейіндегі үлесі өте баяу өсті.

Мемлекеттік қолдау тетіктері бір-бірін қайталаған

Зерттеу авторлары индустриялық саясаттың тиімділігін төмендеткен негізгі себептердің бірі ретінде мемлекеттік қолдау шараларының әртүрлі институттар арасында шашыраңқы жүзеге асырылуын атайды.

Бірдей мақсаттарды қаржыландыру үшін бірнеше бағдарлама мен құрал қатар пайдаланылған. Соның салдарынан қолдау тетіктері қайталанып, мемлекеттік саясаттың жүйелілігі төмендеген.

Мемлекеттік қолдауды жүзеге асыруда квазимемлекеттік сектор маңызды рөл атқарған. Олардың қатарында «Бәйтерек» ұлттық холдингі, Қазақстанның Даму банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және Аграрлық несие корпорациясы бар.

Алайда зерттеушілердің пікірінше, мемлекеттік қолдау жеке капиталды тартудың орнына көбіне бюджет қаражатына сүйенген. Қаржыландыруда бірлескен инвестициялау қағидаттары сақталмай, қолдау дәстүрлі салаларға шоғырланған.

Мәселен, банктердің өңдеу өнеркәсібіне бағыттайтын несиелерінің үлесі тұрақты түрде 8–11% деңгейінде қалған. Бұл нақты секторды ұзақ мерзімді нарықтық қаржыландыру инфрақұрылымы әлі де жеткілікті дамымағанын көрсетеді.

Мемлекеттік қолдау қаржысы қайда жұмсалды?

Ұлттық банк зерттеушілері мемлекеттік қолдаудың негізгі үш қаржылық құралын да талдаған.

1. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау

Мемлекеттік қолдау қаражатының негізгі бөлігі осы құралға бағытталған. Алайда субсидиялар негізінен несие алуға мүмкіндігі бар кәсіпорындарды қолдауға жұмсалған. Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 1%-ы ғана қамтылған.

2. Жеңілдетілген несие беру

Бұл тетік арқылы қомақты көлемде несие берілгенімен, қаражат негізінен кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға пайдаланылған. Яғни өндірісті кеңейту мен технологиялық жаңғыртуға қарағанда, ағымдағы шығындарды қаржыландыру басым болған.

3. Несиеге кепілдік беру

2020 жылдан кейін бұл құралдың ауқымы айтарлықтай кеңейген. Ол бюджеттен тікелей қаржы бөлмей-ақ кәсіпкерлердің несие алу мүмкіндігін арттырған. Дегенмен банктердің несиелеуі мемлекеттік кепілдік пен тәуекелді бөлісу тетіктеріне тәуелді бола түскен.

Арнайы экономикалық аймақтар да күткен нәтижені бермеді

Зерттеу авторлары арнайы экономикалық аймақтар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың тиімділігі де шектеулі болғанын атап өтеді. Бұл институттарды құруға және дамытуға бюджет қаражаты жұмсалғанымен, олардың экономиканы әртараптандыруға қосқан үлесі күткен деңгейде болмаған.

Индустриялық саясаттың нәтижесіздігін көрсететін жанама индикаторлардың бірі – негізгі құралдардың жоғары тозу деңгейі.

Ұлттық банк мәліметінше, мемлекеттік қолдау мен инвестициялық бағдарламалардың ауқымды болуына қарамастан, негізгі құралдардың тозу үдерісі оларды жаңғырту қарқынынан бірнеше есе жылдам жүрген.

Индустриялық саясаттың тиімділігіне не кедергі болды?

Зерттеу авторлары мемлекеттік бағдарламалардың төмен нәтижелілігіне әсер еткен бес жүйелі себепті бөліп көрсетеді.

  1. Нәтиже көрсеткіштері дұрыс белгіленбеген. Бағдарламалардың мақсатты индикаторлары көбіне номиналды мәнде белгіленіп, оларды есептеу әдістемесі мен салыстыру базасы нақты айқындалмаған.

  2. Қаржыландыру тетіктері қайталанған. Бір мақсат бірнеше бағдарлама мен мемлекеттік институт арқылы қаржыландырылып, әр бағдарламаның нақты тиімділігін бағалау қиындаған.

  3. Салалық басымдықтар көмескіленген. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясындағы қаражаттың едәуір бөлігі сауда, көлік, жылжымайтын мүлік және қызмет көрсету салаларына бағытталған.

  4. Жеке капитал жеткілікті тартылмаған. Мемлекеттік қолдау жеке инвестицияларды ынталандырудың орнына олардың орнын басқан. Негізгі қаржыландыру көзі бюджет пен квазимемлекеттік институттар болған.

  5. Бағдарламалар жиі өзгеріске ұшыраған. Сыртқы экономикалық күйзелістер мен мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі өзгерістер бағдарламалардың жүзеге асуын бірнеше рет үзіп, олардың ұзақ мерзімді нәтижесіне кері әсер еткен.

Ұлттық банк қандай модельді тиімді санайды?

Зерттеу авторларының пікірінше, мемлекеттік қолдаудың анағұрлым нәтижелі моделі қаржылық ресурстарды қосылған құны жоғары, саны шектеулі басым салаларға шоғырландыруды көздейді.

Сонымен қатар қаржыландыру технологиялық даму, мамандардың құзыретін арттыру және экспорт нарықтарына шығу сияқты қаржылық емес қолдау шараларымен толықтырылуы керек.

Ең бастысы, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі бөлінген қаражат немесе берілген несие көлемімен емес, нақты экономикалық көрсеткіштермен өлшенуі қажет.