Доллар арзандағанда тауар неге арзандамайды?

Қазақстан Ұлттық банкінің зерттеушілері теңге бағамының долларға қатысты нығаюы немесе әлсіреуі тауар бағасына бірден әсер етпейтінін анықтады. Тіпті импорттық тауарлардың бағасы валюта бағамының өзгеруіне толық бейімделуі үшін екі жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін.

Бұл туралы Ұлттық банктің «Экономикалық шолу» басылымында жарияланған зерттеуде айтылған. Сарапшылар Қазақстан жағдайына бейімделген шағын ашық экономикаға арналған DSGE моделін пайдаланып, валюта бағамының тұтыну бағаларына өту әсерін (ERPT) зерттеген.

Бағам өзгерсе де, баға неге сақталады?

Зерттеушілердің айтуынша, валюта бағамының өзгеруі тауар бағасына автоматты түрде көшпейді. Оның басты себептерінің бірі – кәсіпкерлер бағаны доллар бағамындағы әрбір ауытқудан кейін қайта қарамайды. Бизнесте бағаның белгілі бір инерциясы бар: экономикалық жағдай өзгерсе де, тауар бағасы біраз уақыт бұрынғы деңгейде қалуы мүмкін.

Зерттеуде бағам өзгерісінің бағаға өтуін тежейтін екі негізгі фактор көрсетілген. Олар – бағаның икемсіздігі және импорт саласындағы тарату секторының болуы.

Бірінші факторға сәйкес, кәсіпкерлер бағаны күн сайын емес, орта есеппен 2,5 тоқсанда бір рет, яғни шамамен 7,5 айда бір рет өзгертеді.

Екінші фактор импорттық тауарлардың Қазақстан нарығына жету жолымен байланысты. Шетелден әкелінген өнімнің өзі отандық логистика, қойма, жалға алу және жалақы шығындары арқылы тұтынушыға жетеді. Бұл шығындардың барлығы теңгемен есептеледі және доллар арзандаған сайын автоматты түрде төмендемейді.

Теңгенің нығаюына не себеп болғаны маңызды

Ұлттық банк сарапшылары бағам өзгерісінің бағаға әсер ету жылдамдығы оның қандай экономикалық себеппен өзгергеніне тікелей байланысты екенін атап өтеді. Зерттеуде ақша-кредит саясатының өзгеруі, еңбек өнімділігінің өсуі, мемлекеттік шығындардың артуы, мұнай бағасының өзгеруі сияқты бірнеше сценарий қарастырылған.

Мысалы, егер теңге Ұлттық банктің қатаң ақша-кредит саясаты нәтижесінде нығайса, екі механизм қатар жұмыс істейді: импорт арзандайды және ішкі сұраныс баяулайды. Модель есебіне сәйкес, мұндай жағдайда бағам өзгерісінің шамамен 50%-ы бірден тұтыну бағаларына өтеді. Ал екі жылдан кейін бұл әсер толық деңгейге жетеді.

Ал теңгенің нығаюына мемлекеттік шығындардың өсуі себеп болса, жағдай басқаша өрбиді. Бюджет шығындарының артуы ішкі сұранысты күшейтіп, бағаның өсуіне ықпал етеді. Бұған жауап ретінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін. Соның нәтижесінде теңге нығайғанымен, ішкі нарықтағы баға өсуін жалғастырады.

Бұл сценарийде екі жылдан кейін бағам өзгерісінің бағаға өту әсері бірден жоғары болады. Яғни теңгенің нығаюы мен бағаның төмендеуі арасында тікелей байланыс болмайды.

Мұнай бағасы өскенде бағаға әсері қандай?

Зерттеуде мұнай бағасының өзгеруі де жеке қарастырылған.

Мұнай қымбаттаған кезде теңге нығайып, импорттық тауарлар арзандайды. Алайда сонымен қатар ел ішіндегі сұраныс пен өндірістік шығындар да өсуі мүмкін.

Сондықтан екі жылдан кейін валюта бағамының өзгерісі импорттық тауарлардың бағасына 89% деңгейінде өтсе, тұтыну бағаларына әсері небәрі 33% болады.

Бұл мұнай бағасының өсуінен туындаған теңгенің нығаюы дүкен сөрелеріндегі тауарлардың арзандауына толық көлемде алып келмейтінін көрсетеді.

Бағам өзгерісі бағаға қанша уақытта әсер етеді?

Зерттеушілер валюта бағамының өзгеру әсері уақыт өте келе жинақталатынын атап өтеді. Сондықтан теңгенің нығаюы немесе әлсіреуі бағаға бірден толық көлемде әсер етпейді.

Қысқа мерзімде бағам өзгерісінің бағаға өтуі толық болмайды. Мысалы, мұнай бағасына қатысты кейбір сценарийлерде қысқа мерзімді әсер небәрі 12% деңгейінде қалады.

Ал ұзақ мерзімді кезеңде бағам өзгерісі импорттық тауарлардың бағасына толықтай дерлік немесе толық көлемде өтуі мүмкін. Зерттеу авторлары мұндай бейімделу кезеңі шамамен екі жылға созылатынын көрсетеді.

Дегенмен бұл мерзімді тұтыну бағалары индексінің толық өзгеруімен шатастырмау керек. Екі жылдық көрсеткіш ең алдымен импорттық тауарлар бағасының валюта бағамына бейімделуіне қатысты. Яғни теңге нығайған жағдайда екі жылдан кейін барлық тауар мен қызмет бағасы міндетті түрде арзандайды деген сөз емес.

Теңге әлсірегенде баға тезірек өседі

Зерттеудің тағы бір маңызды қорытындысы – теңгенің әлсіреуі мен нығаюының бағаға әсері бірдей емес.

Теңге әлсіреген кезде импорттық тауарлар мен шикізаттың ұлттық валютадағы құны өседі. Бұл импорттық өнімді пайдаланатын отандық кәсіпорындардың шығындарын көбейтіп, біртіндеп соңғы тұтыну бағасына әсер етеді. Мұндай жағдайда сатушылар бағаны тезірек көтеруге бейім.

Ал теңге нығайған кезде импорт арзандайды. Бұл шетелдік тауарлар мен отандық кәсіпорындар пайдаланатын импорттық шикізаттың құнын төмендетеді. Бірақ өндірістік шығындардың азаюы сатушылардың бағаны бірден түсіретінін білдірмейді.

Ұлттық банк зерттеушілері Қазақстанда ұлттық валютаның әлсіреуі бағаның өсуіне нығаюға қарағанда күштірек әсер ететінін атап өткен. Әсіресе мұнай бағасының төмендеуі теңгенің әлсіреуімен қатар жүрсе, импорттық тауарлар бағасы мен инфляциялық күтулер жылдамырақ өсуі мүмкін.

Осылайша, зерттеу теңгенің нығаюы дүкендердегі бағаның бірден төмендеуіне кепілдік бермейтінін көрсетеді. Валюта бағамының өзгеруі бағаға біртіндеп өтеді, ал оның нақты әсері теңгенің не себепті нығайғанына немесе әлсірегеніне байланысты.