Лукойлдың Қазақстандағы активтерін америкалықтар алайын деп жатыр

Америкалық Eldridge инвестициялық компаниясы бастаған халықаралық консорциум ресейлік «Лукойлдың» шетелдегі мұнай-газ активтерін сатып алу туралы түпкілікті келісімге қол қойды. Мәміле 11 елдегі мұнай өндіру активтерін, үш мұнай өңдеу зауытын және 16 елдегі 2 мыңнан астам жанармай құю станциясын қамтиды.

Business Wire басылымының Eldridge компаниясына сілтеме жасап хабарлауынша, консорциум құрамына АҚШ-тың Халықаралық даму қаржыландыру корпорациясы (DFC), БАӘ-нің Catena Investment Holding инвестициялық компаниясы және америкалық Xtellus Partners кірген. Мәміленің қаржылық кеңесшісі – Citi.

Сатып алынатын LUKOIL International GmbH (LIG) портфеліне тәулігіне шамамен 350 мың баррель мұнай баламасын өндіретін 11 елдегі активтер кіреді. Сонымен қатар Болгария, Нидерланд және Румыниядағы жалпы қуаты тәулігіне 350 мың баррель мұнай өңдейтін үш зауыт, халықаралық LITASCO мұнай трейдері және Еуропа, Солтүстік Америка мен Орталық Азияның 16 еліндегі 2 мыңнан астам жанармай құю станциясы консорциумның иелігіне өтеді.

Мәміленің қаржылық құрылымы да ерекше. Консорциум LIG-дің 100% үлесін «Лукойл» мен басқа да ресейлік компаниялардың айналымы шектелген акцияларына айырбастау арқылы сатып алуды жоспарлап отыр. Яғни Ресей тарапына тікелей ақша аударылмайды. Мәміледен түсетін қаражат бес жылға немесе санкциялар алынғанға дейін қолжетімділігі шектелген арнайы шотта сақталады.

Мәміле АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) мақұлдауын, активтерді тексеруді және басқа да реттеуші органдардың рұқсатын қажет етеді. Ол аяқталғаннан кейін LIG активтері «Лукойл» компаниясынан толықтай бөлінуі тиіс.

Қазақстандағы активтерінің тағдыры не болмақ?

«Лукойлдың» Қазақстанда бірқатар маңызды мұнай-газ жобаларында үлесі бар. Атап айтқанда, компания:

  • «Теңізшевройл» жобасының 5%-ына;

  • «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» жобасының 13,5%-ына;

  • «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жобасының 50%-ына иелік етеді.

Сонымен қатар Алматы облысында майлау материалдарын өндіретін «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» зауыты жұмыс істейді.

Алайда жарияланған келісімде Қазақстандағы осы активтердің қайсысы сатылатын халықаралық портфельге кіретіні нақтыланбаған. Сондықтан «Лукойл» Қазақстан нарығынан толықтай кетеді деп айтуға әзірге негіз жоқ. Бірақ егер аталған жобалар LIG құрамына кірсе, олардың меншік құрылымы өзгеруі мүмкін.

Санкциялар мәмілеге қалай әсер етті?

2025 жылдың қазан айында АҚШ пен Ұлыбритания «Лукойлға» қарсы санкция енгізген болатын. Осыдан кейін компания шетелдік активтерін сатуға кірісті. Батыс елдерінің билігі LUKOIL International GmbH активтерін сатуға мүмкіндік беретін арнайы лицензиялардың мерзімін бірнеше рет ұзартты.

Сонымен бірге АҚШ санкциялары Каспий құбыр консорциумы (КҚК) және «Теңізшевройл» компаниясымен жасалатын операцияларға қолданылмайды. Ұлыбританияның шектеулерінде «Қарашығанақ» кен орнына қатысты да ерекшеліктер қарастырылған.

Жаңа консорциум мәміле аяқталғаннан кейін кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, инвестицияларды сақтауға және мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуатын толық қалпына келтіруге ниетті.

Осылайша, «Лукойлдың» халықаралық активтерін сату жөніндегі келісім Қазақстанның мұнай-газ нарығына да әсер етуі мүмкін. Дегенмен қазақстандық жобалардағы үлестердің болашағы мәміленің нақты периметрі мен реттеуші органдардың шешімдеріне байланысты болады.