Қазақстандық жүргізушілер күн алғаш суыта бастағанда автокөліктерін қысқа дайындауға кіріседі. Жыл сайын бұл отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді. OLX Қазақстанның талдау қызметі 2026 жылғы қарашада қысқы шиналар, аккумуляторлар, антифриз, әйнек тазалағыштар және салон жылытқыштарын сату туралы хабарландырулардағы орташа бағаларды зерттеді. Қысқа қажетті негізгі жиынтықтың қанша тұратынын, шығынның басым бөлігі неге жұмсалатынын және автокөлікті артық шығынсыз қысқа қалай дайындауға болатынын қарастырамыз.
Қысқа қажетті негізгі жиынтықтың құны 146 мың теңгеден асады
Автокөлікті суыққа дайындауға қажетті бес негізгі тауардың орташа бағасын қосқанда, қарашада қысқы жиынтықтың жалпы құны 146 147 теңгені құрады.
Бұл ретте жүргізушілердің жалпы шығыны көбіне сатып алатын тауарларына байланысты. Біреулерге әйнек тазалағыштарды ауыстырып, жаңа антифриз құю жеткілікті болса, енді біреулерге жаңа шиналар жиынтығы мен аккумулятор сатып алу қажет.
Қысқы шиналар негізгі шығын көзі
Автокөлікті қысқа дайындауға бөлінген қаражаттың басым бөлігі шиналарға жұмсалады. Қарашада OLX платформасындағы хабарландыруларда олардың орташа бағасы 70 035 теңгені құрады. Бұл қысқа қажетті негізгі жиынтықтың жалпы құнының жартысына жуығы.
Бағдар ретінде айта кетсек, Қазақстандағы шина сататын интернет-дүкендерде кең таралған 205/55 R16 өлшеміндегі төрт жаңа қысқы шинадан тұратын жиынтық брендке байланысты шамамен 76 мыңнан 209 мың теңгеге дейін, ал 195/65 R15 өлшеміндегі жиынтық 68 мыңнан 164 мың теңгеге дейін тұрады. Бұл бағаларды OLX платформасындағы орташа бағамен тікелей салыстыру дұрыс емес: платформада әртүрлі өлшемдегі жаңа және бұрын қолданылған шиналар түрлі жиынтықта сатылады.
Шиналар дәстүрлі түрде жүргізушілердің маусымдық сатып алатын алғашқы тауарларының бірі саналады. Өйткені оларды ауыстыру төмен температурада және тайғақ жолда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Сондықтан қыс жақындаған сайын осы санаттағы тауарларға қызығушылық артып, шиналарға жұмсалатын шығын автокөлікті қысқа дайындаудың жалпы бюджетіне елеулі әсер етеді.
Бұл ретте сатып алудың түпкілікті құны шиналардың жағдайына, өндірушісіне, өлшеміне және сатушының түріне байланысты айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Платформада жеке тұлғалардың хабарландырулары да, мамандандырылған дүкендердің ұсыныстары да бар. Бұл жүргізушілерге түрлі нұсқаларды салыстырып, өз бюджетіне сай жиынтықты таңдауға мүмкіндік береді.
Аккумуляторлар — шығын көлемі бойынша екінші орында
Қысқа қажетті жиынтықтағы бағасы жағынан екінші орында тұрған тауар — автокөлік аккумуляторы. Қарашада хабарландырулардағы аккумуляторлардың орташа бағасы 34 364 теңгені құрады. Бұл негізгі жиынтық құнының төрттен біріне жуық.
Дүкендерде жеңіл автокөлікке арналған сыйымдылығы 60 А·сағ жаңа аккумуляторлардың бағасы бюджеттік модельдер үшін 28–30 мың теңгеден басталып, премиум брендтер үшін 60–70 мың теңгеге дейін жетеді.
Қыста аккумуляторға ерекше талаптар қойылады. Төмен температурада оған түсетін жүктеме артады, ал ескі немесе тозған аккумуляторлар қуатын жиі жоғалтып, қозғалтқышты іске қосуда қиындық туғызады. Сондықтан күн суыта бастағанда жүргізушілер аккумуляторлардың жағдайын жиі тексеріп, қажет болған жағдайда оларды ауыстыру жолдарын қарастырады.
Сол себепті жүргізушілерге аккумуляторды тексеруді алғашқы қатты аязға дейін кейінге қалдырмаған жөн. Алдын ала диагностика жүргізу жылдың ең суық кезеңінде автокөлікті іске қосуға байланысты күтпеген қиындықтар мен жоспардан тыс шығындардың алдын алуға көмектеседі.
Антифриз
Қарашада платформадағы хабарландыруларда антифриздің орташа бағасы 11 096 теңгені құрады.
Салыстыру үшін, интернет-дүкендерде кең таралған маркалардың көлемі 5 литрлік дайын антифризі шамамен 4–6,5 мың теңге, ал концентраттар мен премиум санаттағы сұйықтықтар 14–24 мың теңге тұрады. Түпкілікті баға сұйықтықтың көлеміне, түріне және автокөлік өндірушісі белгілеген рұқсат талаптарына байланысты. Бұл бағаларды OLX платформасындағы орташа бағамен тікелей салыстыру дұрыс емес: платформада көлемі әртүрлі ыдыстардағы антифриздер, концентраттар және түрлі маркадағы сұйықтықтар сатылады.
Антифриз таңдағанда автокөлік өндірушісінің ұсынымдарын ескеру маңызды, өйткені баға сатып алудың жалғыз өлшемі болмауға тиіс. Сәйкес сұйықтықты пайдалану қыс мезгілінде салқындату жүйесіне қатысты қосымша мәселелердің алдын алуға көмектеседі.
Автокөлікті қысқа дайындау кезінде қалай үнемдеуге болады?
Автокөлікті қысқа дайындауға жұмсалатын қаражаттың басым бөлігі шиналар мен аккумуляторға тиесілі. Екеуінің жалпы құны 105 мың теңгеге жуық, яғни негізгі жиынтық бағасының 70%-дан астамын құрайды.
Артық шығынға жол бермеу үшін сарапшылар автокөлікті қысқа дайындауды тұрақты аяз басталғанға дейін кейінге қалдырмауға кеңес береді. Шиналардың, аккумулятордың және техникалық сұйықтықтардың жағдайын алдын ала тексеріп, әртүрлі сатушылардың ұсыныстарын салыстырып, баға мен сапаның арақатынасын бағалаған жөн.
Тауарларды сатып алғанда олардың жағдайын, сипаттамаларын және автокөлікке сәйкестігін мұқият тексеру де маңызды. Мұндай тәсіл бюджетті тиімді бөлуге ғана емес, қыс мезгілін толық дайындалған автокөлікпен қарсы алуға да мүмкіндік береді.