Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) биыл 1 тамызындағы жағдай бойынша 2021 жылдың 8 ақпанынан бастап 9,8 млрд теңге аударылды.
БЖЗҚ 3 972 өтініш берушіден түскен 6 738 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы шамамен 1,45 млн теңге.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ бес ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартқа отырған.
Атап кетейік, 9,8 млрд теңгенің 43,4% немесе 4,24 млрд теңгесі "Jusan Invest" АҚ-ға, 26,4% немесе 2,6 млрд теңгесі "Halyk Global Markets" АҚ-ға, 15,7% немесе 1,54 млрд теңгесі "BCC Invest" АҚ-ға, 9,5% немесе 928 млн теңгесі "Сентрас Секьюритиз"АҚ-ға, 5% немесе 484 млн теңгесі "Halyk Finance" АҚ-ға аударылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар өздерінің міндетті жарна түрлері (МЗЖ және МКЗЖ) есебінен жинақтарының 50% дейін жеткіліктілік шегін есепке алмай-ақ, ИПБ басқаруына бере алады. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтарды инвестициялық басқаруға толық көлемде беруге болады. Шілде айында бұл құқықты 583 отандасымыз пайдаланып, портфельді басқарушыға 820 млн теңгеден астам қаражат аударды. Бұл ретте БЖЗҚ қаржы аударуға берілген 740-тан астам өтінішті орындады
Зейнетақы активтерін ИПБ сенімгерлік басқаруына бастапқы бергеннен кейін салымшы жылына көп дегенде бір рет қана зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне сенімгерлік басқаруға беру үшін БЖЗҚ-ға өтініш беруге құқылы. 2022 жылғы 16 наурыздан бастап 2023 жылғы 31 шілдеге дейінгі кезеңде 102 өтініш беруші ИПБ-ны ауыстырды: БЖЗҚ жалпы сомасы 366 млн теңгені бір ИПБ-дан екіншісіне ауыстыру туралы 145 өтінішті орындады
01.07.2023 жылдан бастап ИПБ басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ басқаруына қайтару мерзімі қысқарды. Енді жинақтарды ИПБ-дан ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтінішті БЖЗҚ-ға екі жылдан кейін емес, жинақтарды ИПБ-ға берген күннен бастап бір жылдан кейін беруге болады (бұрын зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына алғаш бергеннен кейін тек 2 жылдан кейін ғана өтініш беруге болатын еді). 2023 жылғы 15 наурыз бен 31 шілде аралығында БЖЗҚ жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге қаражатты ИПБ-дан ҚРҰБ-қа аудару бойынша 478 өтінішті орындады.