1 миллионға жуық бірегей өтініш берушілер зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға және (немесе) емделуге пайдаланды.
2021 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға 1 361 040 өтінішін орындады. Отандастарымыздың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,35 млн теңге. Бірегей өтініш берушілер саны – 692 936 адам. Осылайша, кейбір салымшылар (алушылар) біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үйге алу құқығын бірнеше рет пайдаланған.
Бұл бағытта Алматы (17,55%), Астана қалаларының (13,96%) және Маңғыстау облысының (10,31%) тұрғындары белсенді болды.
Салымшылардың (алушылардың) өз жинақтарын пайдаланатын мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: барлық өтініштердің шамамен 36% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер телімі болған кезде), өтініштердің шамамен 21% – тұрғын үй құрылыс жинақ бағдарламалары бойынша зейнетақы қаражатын салымшылардың (алушылардың) пайдалануы үшін, өтініштердің шамамен 21% –тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру мақсатында, өтініштердің шамамен 20% – ипотекалық тұрғын үй қарызын бастапқы жарнадан қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейін пайдалану мақсатында жұмсалыпты.
Атап кетейік, уәкілетті операторлардан 469,46 млрд теңге салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды, себебі отандастарымыз біржолғы зейнетақы төлемдерін өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланбаған.
Сондай-ақ, БЖЗҚ 334,08 млрд теңге көлемінде емделуге берілген 414 326 өтінішті орындады. Емделуге алынған қаржының орташа сомасы шамамен 0,8 млн теңге. Бірегей өтініш берушілердің саны 302 034 адам. Осылайша, жинақталған зейнетақы қаражатын тұрғын үйге пайдалану кезіндегідей, емделуде де кейбір қазақстандықтар өз қаражаттарын бірнеше рет пайдаланған.
Өтініштердің 96% астамы стоматологиялық, 2,71% офтальмологиялық қызметтерді алу үшін орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1% азы пайдаланылды.
Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 33,13 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) ағымдағы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 18.02.2021 ж.бастап 8,9 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ 5 968 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы шамамен 1,5 млн теңге.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ бес ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттар жасасты.
Атап кетейік, 8,9 млрд теңгенің 44,29% немесе 3,9 млрд теңгесі "Jusan Invest" АҚ-ға, 28,04% немесе 2,5 млрд теңгесі "Halyk Global Markets" АҚ-ға, 16,14% немесе 1,4 млрд теңгесі "BCC Invest" АҚ-ға, 10,05% немесе 0,9 млрд теңгесі "Сентрас Секьюритиз"АҚ-ға, 1,49% немесе 132 млн теңгесі "Halyk Finance" АҚ-ға аударылған.