2026 жылдың қаңтарында тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға берілген 38,6 мың өтінім орындалды. БЖЗҚ деректеріне сүйенсек, бұл — алдыңғы жылдың маусымынан бергі, яғни 2024 жылдың екінші жартысында басталған «жинақтарды жаппай алу» кезеңінен бергі ең төменгі көрсеткіш. Бұл туралы DATA-HUB арнасы жазды.
Дегенмен, қазіргі көрсеткіштерді тым төмен деп айтуға болмайды: жалпы алғанда, қазіргі мәндер 2024 жылдың шілде-қыркүйек айларындағы жоғары белсенділік кезеңінің басында тіркелген көрсеткіштерден көп қалыс қоймайды.
Жылдық көрсеткішпен алғанда (2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда) өтінімдер саны үштен бірге азайды, ал 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда — 90% төмендеген. Бірақ мұнда желтоқсандағы көрсеткіштердің өте жоғары болғанын ескеру керек. Себебі 2026 жылдан бастап ең төменгі жеткіліктілік шегінің көтерілуі қарсаңында адамдар ақшаны пайдаланып қалуға асыққан болатын.
Айта кетейік, жеткіліктілік шегінің көтерілуі БЖЗҚ бағалауы бойынша бірнеше ондаған мың адамды біржолғы төлемді рәсімдеу мүмкіндігінен айыруы тиіс еді. Қордың алдын ала есептеулері көрсеткендей, егер 2025 жылдың желтоқсанында 885,8 мың қазақстандық артық қаражатын алуға үміткер болса, қаңтардан бастап бұл көрсеткіш 849,5 мың адамға дейін төмендеді. Сонымен қатар азаматтардың тағы бір бөлігі үшін қолжетімді сома желтоқсандағы ерекше белсенділіктен кейін пайдалануға тұрмайтындай тым аз болуы мүмкін деп болжауға болады.
Ақшалай түрде алғанда жинақтарды алу динамикасы басқаша көрініс беріп отыр. Қаңтарда тұрғын үй мақсатына орындалған өтінімдер сомасы 50,9 млрд теңгені құрады. Аномальды желтоқсанмен салыстырғанда төмендеу 77%-ды құраса, жылдық көрсеткіште қазіргі мәндер номиналды түрде тіпті жоғары (шыны керек, бар болғаны 5%, бұл бағаның жалпы өсу қарқынынан төмен). Бұл жерде ұзақ мерзімді минимум туралы айтуға келмейді: бұдан төмен көрсеткіштер соңғы рет 2025 жылдың маусымында тіркелген.
Алдағы уақытта баспана үшін жинақтарды алуға тағы бір фактор кедергі болуы мүмкін: қаңтардың соңында Отбасы банкі ипотеканы ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде зейнетақы жинағымен тек негізгі борышты ғана жабуға болатынын хабарлады. Енді ай сайынғы төлемді (пайыздарды ескере отырып) тек зейнетақы жинағы есебінен толық өтеу мүмкін болмайды, өз қаражатыңыз қажет болады.
Ал аномальды өсімдерден кейін қаңтардың бірінші жартысында барлық санат бойынша тоқтатылған емделуге бағытталған жинақтардың жағдайы қалай? Мұнда бар болғаны 0,6 млрд теңгеге 0,6 мың өтінім орындалып үлгерді, негізгі мақсат — радиохирургиялық әдістер ақысын төлеу болды. Сонымен қатар, зейнетақы қаражатын БЖЗҚ-ға қайтару процесі жалғасуда. Бұл қаражатты мақсатсыз пайдалануға әрекет жасалған жағдайларда да болды.
Айта кетсек, Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану мүмкіндігіне емінде жарты жылдан кейін ғана қайта ие болады. БЖЗҚ-дан қаражат алуға өтінім қабылдау 12 қаңтарда тоқтатылған болатын.
2026 жылғы 12 қаңтардың кешінен бастап қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделу ақысын төлеуге уақытша өтінім бере алмайды.
Бұған дейін халық зейнетақы ақшасын пластикалық операцияға алып жатқаны хабарланған еді. 2025 жылдың қараша айында реконструктивті және қалпына келтіру операцияларын – яғни, пластикалық операцияларды төлеу мақсатында бірыңғай зейнетақы төлемдеріне қатысты 2 277 өтініш орындалған. Орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңгені құрады. Өткен аймен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен 33 және 39 есе өскен. Содан кейін Отбасы банк зейнетақы жинағындағы артық ақшаны пластикалық операцияға жұмсауға тыйым салды.
15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының «артық» бөлігін тіс емдеуге пайдалана алмайтын болған еді.
Содан кейін 2025 жылдың қыркүйегінде офтальмологиялық қызметтерді төлеу үшін 1,4 млрд теңге көлемінде 1611 өтінім орындалды. Бұл тамызбен салыстырғанда 5,8 есе көп, ал сома жағынан өсім 7 есеге жеткен. Соңғы 12 айдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда да рекордтық өсім байқалды — тиісінше 7,9 және 9,3 есе жоғары.
Ал қазан айында азаматтардан көз ауруларын емдеу мақсатында зейнетақы жинағынан біржолғы төлем жасау туралы 15,4 мың өтініш орындалды. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда шамамен 10 есе көп, ал 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы орташа көрсеткіштен 73 есе жоғары.
Отбасы банкі 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге өтінімдер қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Банк осы күнге дейін берілген өтінімдер жұмысқа қабылданатынын мәлімдеді.
Ал 2025 жылдың желтоқсан айында радиохирургиялық емдеу әдістерінің ақысын төлеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға арналған 7154 өтінім орындалды. Орындалған өтінімдердің жалпы сомасы шамамен 5,6 млрд теңгені құрады.