Отбасы банк зейнетақы жинағындағы артық ақшаны пластикалық операцияға жұмсауға тыйым салды. 

«Құрметті клиенттер, 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап enpf-otbasy.kz платформасында «Реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық)» мақсаты бойынша зейнетақы жинағындағы артық ақшаны пайдалануға өтінімдер қабылданбайтынын хабарлаймыз. Осы күнге дейін берілген өтінімдер штаттық режимде өңделетін болады», – делінген банк хабарламасында.

Айта кетсек, бұған дейін халық зейнетақы ақшасын пластикалық операцияға алып жатқаны хабарланған еді. 2025 жылдың қараша айында реконструктивті және қалпына келтіру операцияларын – яғни, пластикалық операцияларды төлеу мақсатында бірыңғай зейнетақы төлемдеріне қатысты 2 277 өтініш орындалған. Орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңгені құрады. Өткен аймен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен 33 және 39 есе өскен. 

15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының «артық» бөлігін тіс емдеуге пайдалана алмайтын болған еді.

Содан кейін 2025 жылдың қыркүйегінде офтальмологиялық қызметтерді төлеу үшін 1,4 млрд теңге көлемінде 1611 өтінім орындалды. Бұл тамызбен салыстырғанда 5,8 есе көп, ал сома жағынан өсім 7 есеге жеткен. Соңғы 12 айдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда да рекордтық өсім байқалды — тиісінше 7,9 және 9,3 есе жоғары.

Ал қазан айында  азаматтардан көз ауруларын емдеу мақсатында зейнетақы жинағынан біржолғы төлем жасау туралы 15,4 мың өтініш орындалды. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда шамамен 10 есе көп, ал 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы орташа көрсеткіштен 73 есе жоғары. 

«Отбасы банк» 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге өтінімдер қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Банк осы күнге дейін берілген өтінімдер жұмысқа қабылданатынын мәлімдеді.