Ветеринарлардың жалақысы екі есе өседі

Құрылтай депутаттары ветеринария мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта ауылдық жерлерде жұмыс істейтін ветеринар мамандарды әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан қолдау шаралары қарастырылған.

Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, қазір ауылдық жерлерде ветеринар мамандар жетіспейді. Бұған мамандықтың жастар арасында тартымдылығы төмен болуы және сала қызметкерлеріне түсетін жүктеменің артуы себеп.

Оның сөзінше, заң жобасы қабылданған жағдайда ветеринарлардың орташа жалақысы қазіргі 220 мың теңгеден 420 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Ветеринарларға қандай қолдау көрсетіледі?

Заң жобасында ветеринар мамандарға арналған бірнеше әлеуметтік қолдау шарасы көзделген:

  • Жыл сайын ақылы еңбек демалысына шыққанда кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді;

  • Ветеринария саласындағы ғылым кандидатына ай сайын 17 АЕК, ал ғылым докторына 34 АЕК мөлшерінде қосымша ақы беріледі;

  • Мамандардың құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, олардың есебін жүргізу және біліктілігін арттыру үшін Ветеринариялық палата құрылады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының түсіндіруінше, Ветеринариялық палата коммерциялық емес ұйым форматында жұмыс істейді. Оған мүшелік ерікті түрде жүзеге асырылады.

Заң жобасы ветеринария саласындағы мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған.