Үкімет Ақтөбе облысында жылына 2 млн тонна мұнай өңдейтін орташа қуатты зауыт салу жобасын қарастырып жатыр. Кәсіпорын ішкі нарықты авиаотынмен қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдеріне бензин экспорттауға мүмкіндік береді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жобаны жүзеге асыруға екі жыл қажет. Ал оны іске асыру туралы түпкілікті шешім алдағы екі айда қабылданады.
Министрдің сөзінше, көрші елдерде жанармай жеткізуге қатысты іркілістер байқалып отыр. Сондықтан Қазақстан мұнай ресурстарына ие ел ретінде Орталық Азия нарығына отын жеткізуді жоспарлап отыр.
Төртінші ірі мұнай өңдеу зауыты да салынады
Брифинг барысында министр төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты да түсініктеме берді.
Жаңа кәсіпорынның қуаты жылына 10 млн тонна мұнай өңдеуге жетеді. Бұл Қазақстандағы ғана емес, бүкіл өңірдегі ең ірі зауыт болмақ.
Қазір зауыт салуға арналған үш аумақ қарастырылып жатыр:
Маңғыстау облысы;
Атырау облысы;
Ұлытау облысы.
Орын таңдау кезінде су мен электр энергиясының қолжетімділігі, мұнай тасымалдайтын құбырлар және өзге де инфрақұрылым ескеріледі.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, төртінші зауыттың нақты орналасатын жері жыл соңына дейін анықталуы мүмкін. Қазір бұл мәселемен халықаралық мамандар қатысқан комиссия айналысып жатыр.