Автор: Мансия Ұзақова, өмірді сақтандыру және зейнетақы аннуитеті бойынша сарапшы
Бүгінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде зейнетақы жинақтары мен зейнетақы аннуитетіне қатысты ақпарат өте көп таралып жатыр. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей шындыққа сәйкес келе бермейді. Сондықтан да қарқынды мәлімдемелерге, эмоциялық жарияланымдарға және расталмаған қауесеттерге сене бермей, ақпаратты әрдайым ресми дереккөздер, заңнама және мамандардың пікірлері арқылы қайта тексеру маңызды. Қаржы мен зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерінде фактчекингтің маңызы ерекше, өйткені бұл адамның болашағы мен қаржылық тұрақтылығына тікелей байланысты.
Соңғы уақытта зейнетақы аннуитеті тақырыбы интернетте жиі талқыланып, түрлі пікірлер мен интерпретациялардың нысанына айналып отыр. Пайдаланушыларды «зейнетақы аннуитетін мемлекет қорғамайды», «ақша компанияда қалып қояды» немесе «төлемдер тоқтап қалуы мүмкін» деген мәлімдемелермен қорқытуда. Мұндай ақпарат адамдарда бұл өнім туралы қате түсінік қалыптастырады.
Шын мәнінде, зейнетақы аннуитеті — Қазақстан Республикасының заңнамасы арқылы реттелетін қаржылық құрал. Оның жұмыс істеуінің барлық негізгі тетіктері ҚР Әлеуметтік кодексінде нақты бекітілген.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 6-параграфында:
- 225-бап «Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру ұйымдарынан жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері»;
- 226-бап «Зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасу және сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі»;
- 227-бап «Зейнетақы аннуитеті шарты тараптарының құқықтары мен міндеттері» көрсетілген.
Бұл дегеніміз — төлемдерді жүзеге асыру тәртібі, шарт жасасу талаптары, клиенттердің құқықтары мен сақтандыру ұйымдарының міндеттемелері заңы арқылы реттеледі және мемлекеттің бақылауында болады.
Сонымен қатар, өмірді сақтандыру компанияларының қызметі де мемлекет тарапынан қатаң реттеледі. Бұл салада жұмыс істеу үшін ұйым Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) тиісті лицензиясына ие болуы тиіс. Бақылау мен қадағалауды ҚНРДА және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Яғни, компаниялар заң аясынан тыс әрекет ете алмайды және мемлекеттік реттеусіз өнім ұсына алмайды.
Қазақстандағы өмірді сақтандыру жүйесінде қосымша қорғаныс деңгейі бар екенін де атап өткен жөн. Сақтандыру төлемдеріне «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамы кепілдік береді. Бұл қор клиенттердің мүддесін қорғау үшін құрылған және заңда көзделген жағдайларда сақтандыру ұйымдарының міндеттемелері бойынша қосымша кепілдіктерді қамтамасыз етеді.
Осы саладағы маман ретінде мен зейнетақы аннуитетін қарапайым тілмен түсіндіргім келеді. Негізінде, бұл — алдын ала жоспарланған жеке зейнетақы. Оның мәні — адам жеткілікті көлемде жинағы және тиісті құқығы болған жағдайда, жалпыға ортақ зейнет жасына жетпей-ақ төлем ала бастай алады. Белгілі бір шарттарға байланысты бұл мүмкіндік 40 немесе 45 жастан кейін де қолжетімді болуы мүмкін.
Сонымен қатар барлық үдерістер — зейнетақы жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аударудан бастап, кейінгі төлемдерге дейін мемлекеттің бақылауында болады. Сондай-ақ заңнамада зейнетақы аннуитетінің үлгілік шарты қарастырылған, бұл азаматтардың мүддесіне зиян келтіретін негізгі талаптардың еркін өзгертілуіне жол бермейді.
Зейнетақы аннуитетінің басты артықшылықтарының бірі — төлемдердің өмір бойы жүргізілуі. Бұл төлемдер шартта белгіленген кестеге сәйкес адамның бүкіл өмірі бойы төленеді дегенді білдіреді. Сондықтан бұл құрал болашақта неғұрлым тұрақты әрі болжамды табыс көзі ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар, «адам қайтыс болған жағдайда барлық қаражат сақтандыру компаниясында қалады» деген кең таралған мифке де тоқталған жөн. Іс жүзінде бұл шындыққа сәйкес келмейді. Шартта мұрагерлік механизмі қарастырылған. Егер шарт рәсімдеу кезінде кепілдендірілген төлем кезеңі таңдалса, клиент қайтыс болған жағдайда төлемдерді осы кезең аяқталғанға дейін оның мұрагерлері ала береді.
Шарт талаптары да еркін түрде қалыптаспайды. Олар заңнамаға сәйкес әзірленіп, азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Бұл төлем жасау тәртібіне де, тараптардың міндеттемелеріне де қатысты.
Шарт жасасу кезінде кепілдендірілген кезеңді таңдауға ерекше назар аудару маңызды. Мүмкіндік болса, 10 жыл және одан да ұзақ мерзімдерді қарастырған дұрыс. Мұндай тәсіл отбасы мен мұрагерлер үшін қосымша қаржылық қорғаныс береді. Егер жинақ көлемі әзірге қолайлы шарттарға жеткіліксіз болса, кей жағдайда рәсімдеуге асықпай, қаражаттың ұлғаюына уақыт берген жөн.
Бүгінде интернеттегі ақпаратқа сыни көзқараспен қарап, дереккөздерді тексеру бұрынғыдан да маңызды. Зейнетақы жинақтары мен болашақ төлемдерге қатысты шешімдер қауесеттер мен эмоциялық жарияланымдарға емес, ресми ақпаратқа, заң талаптарына және кәсіби кеңеске негізделуі тиіс.