Министр селлерлерді Wildberries орнына отандық маркетплейстерде сатуға шақырды

Министр селлерлерді Wildberries орнына отандық маркетплейстерде сатуға шақырды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтарға «экономикалық патриотизм» қағидатын ұстанып, мүмкіндігінше тауарды отандық маркетплейстер арқылы сатып алуға кеңес берді.

Министрдің айтуынша, шілде айынан бері Ресейдегі Wildberries қоймаларына дрон шабуылдарынан кейін, сатып алушылар мен бизнес жеткізу және сақтау тәуекелдерін мұқият бағалауы керек.

«Өзімізден тапсырыс беруге тырысу керек. Ең бастысы – сенім тудыратын және тауарды кепілді түрде жеткізетін маркетплейсті таңдау», – деді Шаққалиев Үкіметтегі брифингте.

Ол сондай-ақ қазақстандық маркетплейстер арқылы сатып алған азаматтардың тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңнама аясында көбірек қорғалатынын атап өтті.

Кәсіпкерлерге министр логистикалық тәуекелдерді ескеріп, тауарды сатуға арналған ең сенімді бағыттар мен платформаларды таңдауға кеңес берді.

Сонымен қатар, Сауда министрлігі Wildberries Қазақстан аумағында қосымша қойма орналастыру мәселесі бойынша билікке жүгінбегенін хабарлады.

Министрліктің негізгі ұстанымы: маркетплейсті таңдағанда тек бағаға емес, жеткізудің сенімділігіне, платформаға деген сенімге және логистикалық тәуекелдерге назар аудару қажет.

Сонымен қатан министр қазақстандық селлерлердің шығына қатысты нақты ақпараттың жоқ екенін, тіпті оны Wildberries өзі де білмеуі мүмкін екенін айтты.