2022 жылдың 1 қазанына БЖЗҚ салымшыларының шоттарында 14,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинақтары бар.

Бұл ретте 2022 жылы зейнетақы капиталын қалыптастырудың негізгі аспектілері бойынша өсім болды. Белсенді шоттар саны көбейді (2021 жылғы 1 қазанда 6,6 млн болса, биыл 6,7 млн, өсім - 2%). Сондай-ақ, жарналардың жүйелілігі 2% артып, орташа жарна мөлшері 24% өсті. Зейнетақы жарналары көлемінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда 29% болды.

Өткен жылмен салыстырғанда төлемдер көлемі төмендеді (49%). Бұл тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі шығыс ағындардың төмендеуіне байланысты.

2022 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерінің ұлғаюына орай зейнетақы жинақтары көбейді және сәйкесінше жинақтардың тікелей мақсаты - зейнеткерлік жасқа толу, мүгедектік, тұрақты тұруға кету, мұрагерлік бойынша төлемдер өсті (төлемдердің өсуі 19%).

БЖЗҚ-ның ҚР халқының зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін дамыту жөніндегі корпоративтік стратегиясының мақсатын іске асыру шеңберінде есепті кезеңде қатысушылардың жалпы саны 519,3 мың адам болған 24,3 мың онлайн және көшпелі тұсаукесер өткізілді. Қор бөлімшелері мен қызмет көрсету орталықтарында есепті кезең ішінде 230,7 мың адамға дербес қаржылық кеңес беру бойынша қызметтер көрсетілді.

БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері салымшылардың жеке жинақтарына ғана емес, жалпы зейнетақы жинақтарының кірістілігіне де кері әсерін тигізетін жүйеден қомақты көлемде алынған біржолғы зейнетақы төлемдері дерегіне алаңдаушылық білдірді. Сарапшылардың пікірінше, қаражаттың едәуір азайуы зейнетақы активтерінің портфелін тұрақтандыра алатын жаңа кіріс құралдарын сатып алуға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар зейнетақы жүйесінен қаражат алу инфляцияның өсуіне де әсер етеді.

Кеңес мүшелері жинақтарды жаппай алып қою жалғасқан жағдайда шиеленісуі мүмкін жүйелік тәуекелдерге назар аударды. Қоғамдық кеңес әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, ең төменгі жеткіліктілік шектерін (ТЖШ) қайта қарау керектігін , сондай-ақ, ТЖШ мөлшерін айқындау үшін экономикалық тұрғыдан неғұрлым негізделген көрсеткіш ретінде зейнетақы аннуитетінің құнын да қарастыру мүмкіндігін алға тартты.

Осыған сүйене отырып, Қоғамдық кеңес инвестициялық портфельді басқаруды жақсарту, инвестициялық портфельдегі мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігін арттыру, неғұрлым табысты құралдардың келешегі бар тізбесін айқындау және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қатысушыларының жинақтарын инфляциядан ағымдағы қорғауға қатысты жүйелі шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті.