Қазақстанда фермерлерге жайылымдық жерлерді пайдалану талаптары жеңілдетілді. Енді жерді пайдаланушы белгіленген норманың кемінде 30%-на тең мал ұстаса, жайылымды пайдаланылмай жатқан жер деп тануға негіз болмайды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50% болған. Тиісті бұйрыққа Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2026 жылғы 29 қазанда қол қойды. Жаңа талаптар 13 қарашадан бастап күшіне енеді.
Жаңа ережеге сәйкес, жайылым мынадай жағдайларда пайдаланылмай жатқан жер ретінде танылуы мүмкін:
Жерде ауыл шаруашылығы жануарлары болмаса;
Мал саны жайылымның жалпы аумағына белгіленген шекті жүктеме нормасының 30%-нан аз болса;
Мал азығын дайындау үшін шөп шабу жұмыстары жүргізілмесе.
Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымда ұсталуға тиіс малдың ең төменгі санын бұрынғы 50%-дан 30%-ға дейін төмендетті.
Жайылымда талап бұзылғаны анықталған жағдайда жер бірден тартып алынбайды.
«Жайылымдар туралы» заңның 14-бабына сәйкес, жер учаскесі заң бұзушылық алғаш анықталған сәттен бастап бір жыл бойы мақсатына сай пайдаланылмаса, оны мәжбүрлеп алып қою мәселесі қаралады.
Бұл мерзім жер иесіне немесе жер пайдаланушыға заң бұзушылықты жою туралы нұсқама тапсырылған күннен бастап есептеледі.
Ал Жер кодексінің 94-бабына сәйкес, пайдаланылмай жатқан жерді мәжбүрлеп алып қою сот тәртібімен, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі органдардың талап-арызы негізінде жүзеге асырылады.