Air Astana биыл таза шығынға ұшырады

Air Astana әуе компаниялар тобы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында $1,29 млрд табыс тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9% жоғары. Алайда операциялық шығындардың өсуі компанияның қаржылық нәтижесіне кері әсер етіп, есепті кезеңде таза шығынға ұшырады.

Компанияның үшінші тоқсан мен тоғыз айдағы қаржылық нәтижелері жарияланды.

2026 жылдың тоғыз айындағы негізгі көрсеткіштер:

  • Түсім 17,9% өсіп, $1,29 млрд болды.

  • EBITDAR 5,7% төмендеп, $247,3 млн құрады.

  • EBITDAR маржасы 23,9%-дан 19,1%-ға дейін азайды.

  • Таза шығын $2,7 млн болды. Өткен жылдың осы кезеңінде компания $31,2 млн таза пайда тапқан.

  • Жолаушылар саны 1,1% азайып, 7,44 млн адамды құрады.

  • Ақша қаражаты $539,6 млн-нан $511,5 млн-ға дейін төмендеді.

  • Таза қарыздың EBITDAR-ға қатынасы 1,3 еседен 1,9 есеге өсті.

Шығындар табыстан жылдам өсіп жатыр

Компанияның қаржылық нәтижесіне операциялық шығындардың көбеюі әсер еткен. Тоғыз айда бір қолжетімді кресло-километрге шаққандағы табыс (RASK) 15,9% өссе, тасымалдың өзіндік құны (CASK) 21,3% артқан.

Бұған Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты техникалық мәселелер, ұшақтарға қызмет көрсету, персонал және жанармай шығындарының өсуі себеп болған. Әсіресе үшінші тоқсанда шетелден сатып алынатын авиаотын бағасы жылдық мәнде 47% қымбаттаған.

Соған қарамастан, үшінші тоқсанда қаржылық көрсеткіштер біршама жақсарды. Түсім 20,6% өсіп, $529,1 млн болды. EBITDAR $105,6 млн деңгейінде қалыптасты. Ал таза пайда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3% төмендеп, $18,5 млн құрады.