Мемлекет Яндексті тексерейін деп жатыр

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі елде тіркелген «Яндекс» компанияларына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Мемлекет компаниялардың қазақстандықтардың дербес деректерін қорғау талаптарын қаншалықты сақтайтынын бағаламақ.

Бұған дейін Құрылтай депутаттары елдегі «Яндекс» сервистерінің жұмысында болған соңғы ақауға байланысты азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесін көтеріп, Цифрлық даму министрлігіне депутаттық сауал жолдаған болатын.

Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ведомство дербес деректерді қорғау саласында мемлекеттік бақылау жүргізеді. Сондай-ақ заңбұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік істерді қарай алады және жеке немесе заңды тұлғалардың өтініші негізінде компанияларға жоспардан тыс тексеру тағайындай алады.

Осыған байланысты қараша айының соңына дейін Қазақстанда тіркелген «Яндекстің» бес заңды тұлғасы тексеріледі. Олар:

  • «Яндекс Қазақстан»;

  • Yandex Bastau;

  • «Яндекс. Такси Корп»;

  • «Яндекс. Еда Казахстан»;

  • «Яндекс LLP».

Тексеру барысында компаниялардың дербес деректерді қорғау талаптарын, соның ішінде қазақстандық пайдаланушылардың мәліметтерін ел аумағында сақтау жөніндегі талаптарды орындауы қаралады. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

Компаниялар қандай деректерді жинай алады?

Цифрлық даму министрлігі ұйымдар азаматтар туралы тек нақты қызмет көрсету үшін қажетті ақпаратты ғана жинауы керектігін еске салды.

Мысалы, пайдаланушыны тіркеу үшін аты-жөні мен ЖСН жеткілікті болса, компания қызметке қатысы жоқ қосымша мәліметтерді талап етпеуі керек. Сонымен қатар деректерді сақтау мерзімі оларды жинау мақсатына қажетті уақытпен шектелуге тиіс. Қажеттілік жойылғаннан кейін ұйым мәліметтерді заңды негізсіз сақтай алмайды.

2025 жылғы 22 желтоқсанда дербес деректерді қорғау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, қолжетімділігі шектелген 100 мыңнан астам дербес деректі өңдейтін операторлар үшін биометриялық сәйкестендіру міндетті болады.

Қазір «Дербес деректерге қол жеткізуді бақылау» мемлекеттік сервисінің жаңа нұсқасына көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жүйеге ұйымдардың азаматтар туралы ақпаратқа қандай мақсатпен және қандай негізде қол жеткізетінін бақылауға мүмкіндік беретін қызметтер анықтамалығы енгізілмек.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 24 маусымда дербес деректерді қорғау талаптарын күшейтетін заң қабылданды. Онда мәліметтерді бүркемелеу (маскалау) және хештеу тетіктері қарастырылған. Бұл әдістер құпия ақпаратты бастапқы қалпында пайдалануға мүмкіндік бермей, оны қорғауға бағытталған.

Заңда аса маңызды цифрлық нысандардан дербес деректерді сыртқы цифрлық тасымалдағыштарға көшіру тәртібі де белгіленді. Сонымен қатар дербес деректер операторларының тізілімін қалыптастыру көзделген. Енді ұйымдар дербес деректерді өңдеуді бастағаны немесе тоқтатқаны туралы мемлекетке хабарлауға міндетті болады.