Инвесторлар Ұлттық банктің шешіміне болжам жасап, пайда таба алады

Енді инвесторлар әлі IPO өткізбеген америкалық Anthropic компаниясының нарықтық құны мен акцияларын биржаға шығару мерзіміне қатысты болжам жасап, одан табыс таба алады. Қазақстандық ITS биржасы осыған мүмкіндік беретін Prediction Markets атты жаңа өнімін таныстырды. Бұл туралы ITS операциялық директоры Сергей Данов айтты деп жазады Naryk.kz.

Платформа көпшілікке енді таныстырылғанымен, алғашқы келісімшарттар 2026 жылғы 8 қыркүйектен басталған. 10 қарашадағы есеп бойынша, ITS болжамдар нарығында 54 келісімшарт іске қосылып, 1 090 мәміле жасалған.

Оның ішінде Anthropic компаниясының IPO-сына қатысты 26 құрал бар. Инвесторлар компания 2026 немесе 2027 жылдың соңына дейін IPO өткізе ме және нарықтық құны 1,25 трлн доллардан 3 трлн долларға дейін жете ме деген сұрақтарға «иә» немесе «жоқ» деп болжам жасай алады. Яғни компанияның акциялары биржада саудаға түскенге дейін-ақ инвесторлар оның болашағына қатысты болжам жасап, пайда табады.

Енді ITS биржасының 2026 жылғы 4 желтоқсанда өтетін Ұлттық банк отырысында базалық мөлшерлеме бойынша қандай шешім қабылданатынына қатысты келісімшарттар ашылды. Инвесторлар базалық мөлшерлеме көтеріледі, төмендейді немесе өзгеріссіз қалады деген үш нұсқаның біріне өз болжамын ұсынады.

Болжамдар нарығы қалай жұмыс істейді?

Prediction Markets жүйесінде инвестор белгілі бір оқиғаның болатынына немесе болмайтынына қатысты келісімшарт сатып алады.  ITS өкілдерінің түсіндіруінше, нарық белгілі бір оқиғаның болу ықтималдығын 2% деп бағаласа, ал инвестордың болжамы дұрыс шықса, ол салған ақшасынан 50 есе көп табыс алуы мүмкін.

Осы тұста нарық қатысушылары мен журналистерде жүйенің букмекерлік кеңседен қандай айырмашылығы бар деген сұрақ туды. Дановтың сөзінше,  құмар ойын нарығында букмекер мен клиент бір-бірімен бәсекелес болады. Ал  биржада әр мәміленің екі жағында да инвесторлар тұрады.

«Букмекер клиентке қарсы сауда жасайды, оған клиенттің ұтылғаны тиімді. Мұнда біз өз ақшамызды бәске салмаймыз. Бір инвестор биржадағы екінші инвесторға қарсы ойнайды», – деп түсіндіреді Сергей Данов.

Яғни биржа клиенттің ұтылғанынан пайда таппайды.  ITS өкілінің түсіндіруінше, әр мәміленің ақшасы алдын ала толық төленеді. Ол арнайы орталық контрагенттің бақылауында болады. Бұл ұйым мәмілеге қатысушылардың өз міндеттемесін орындауын қамтамасыз етеді.

Әзірге тек кәсіби инвесторлар қатыса алады

Болжамдар нарығын іске қосуға Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) FinTech Lab реттеуші құмсалғыш (песочница) режимі мүмкіндік берген. Бұл режим жаңа қаржы өнімдерін заңнамалық өзгерістерді күтпей-ақ сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Қазір платформада тек кәсіби инвесторларға сауда жасауға рұқсат берілген.

ITS-та Prediction Markets-ті пилоттық режимде сынап көріп, кейін қалыпты жұмыс режиміне көшпек. Қосымша құралдар көбейіп, нарықтағы өтімділікті арттыруды, жеке инвесторлар мен шетелдік қатысушыларды тартуды жоспарлайды.

Болжам жасауға болатын оқиғалар да қаржы-экономика саласымен шектелген. Олардың қатарында базалық мөлшерлеме, валюта бағамы, тауарлар мен акциялардың бағасы бар. Болашақта ITS экономикаға әсер ететін ірі корпоративтік оқиғаларды да қосуды жоспарлап отыр.

Сергей Дановтың айтуынша, ITS инсайдерлік ақпаратты пайдалану мен нарықтағы бағаны қолдан көтеруге бақылау жүргізеді. Іске қосылған екі ай ішінде  ондай манипуляцияның тоғыз белгісін анықтаған. Кей инвесторлар бағаны қолдан өсіруге, ал кейбірі өзара байланысы бар шоттар арасында мәміле жасауға тырысқан.

Енді биржаның ұзақ мерзімді мақсаты – Қазақстанды Орталық Азия мен Кавказдағы қаржы нарығының хабына айналдыру. Яғни көрші елдердің қаржы активтерінің бағасы мен орталық банктер шешімі сияқты маңызды экономикалық оқиғалардың ықтималдығы Қазақстан нарығында қалыптасуы керек.

«Біз Prediction Markets өнімін іске қосқан әлемдегі алғашқы бес, ең көп дегенде он платформаның қатарына кіреміз. Бұл бағытта АҚШ-та екі ірі көшбасшы бар. Қазақстанның осы қатарға қосылғаны мақтануға тұрарлық», – деді ITS операциялық директоры.