Қытайлар Алматыда робот құрастыратын зауыт салады

Қазақстанда жасанды интеллект технологиялары қолданылатын роботтарды өндіру локализацияланбақ. Жобаны қазақстандық NERO Group Қытайдың робот өндірушісі UBTECH Robotics компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады.

Жобаға салынатын инвестиция көлемі $440 млн деп бағаланып отыр. Оның ішінде $340 млн — UBTECH технологияларын, соның ішінде гуманоид роботтарды өндіру технологияларын трансферттеуге, тағы $100 млн — NERO Group-тың инвестициясына тиесілі.

Бұл туралы NERO Group басшысы Ерлан Набиев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында мәлімдеді.

Өндіріс Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында орналасады. Компания қазірдің өзінде осы аумақта жобаның қажеттіліктеріне арналған жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болатын орталықтың құрылысын жүргізіп жатыр.

Жоба тек роботтарды құрастырумен шектелмейді. Оның аясында зерттеу және әзірлемелер (R&D), бағдарламалау, технологияларды зерттеу және өндіріс бағыттарын дамыту жоспарланған.

Компания роботтарды ойын-сауық үшін емес, білім беру, қызмет көрсету, өндіріс, логистика және әлеуметтік қолдау салаларында қолдануға басымдық бермек.

50 мың робот жиынтығын шығару жоспарланған

NERO Group робототехниканы білім беру жүйесіне енгізуге де басымдық бермек.

Компанияның жоспарына сәйкес, Алматыда биылдың соңына дейін шамамен 30 мектепті роботтармен қамтамасыз ету көзделіп отыр. 2028 жылға дейін қалған 200-ден астам мектепке робототехника құралдарын жеткізу жоспарланған.

Компания жалпы 50 мың білім беру робототехника жиынтығын шығаруды жоспарлап отыр.

NERO Group басшысының айтуынша, мектептерге қажетті құралдар мемлекеттік бағдарлама аясында тегін беріледі. Оқушылар роботтарды құрастыруды, бағдарламалауды және өздерінің роботтарын жасауды үйренуі тиіс.

Ал сервистік және гуманоид роботтарды өндіруді локализациялау 2027 жылдың екінші тоқсанында басталады деп жоспарланған.

Өндірістің бастапқы қуаты жылына 1 мың робот деңгейінде болады деп күтілуде.

Осылайша, жоба Қазақстанда роботтарды дайын күйінде импорттаудан бөлек, олардың өндірісі, бағдарламалануы және зерттелуі бойынша толыққанды экожүйе қалыптастыруды көздейді.