Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan компаниялар тобы және «Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қоры әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін дамытуға бағытталған үшжақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Атап айтқанда, әйелдердің құқықтық және қаржылық сауатын арттыру, мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат беру, қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға жәрдемдесу, білім беру және ақпараттық бағдарламаларға қатысуына көмектесу көзделіп отыр. Қажет болған жағдайда әйелдерге құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету, қолданыстағы тәртіп пен ұйымдардың мүмкіндігіне қарай медициналық көмек алуға жәрдемдесу мүмкін де қарастырылған.
Көмектің нақты түрі мен көлемі әр адамға жеке белгіленеді. Бұл ретте әйелдің тап болған жағдайы, отбасының қажеттілігі және жобаның талаптары ескеріледі.
Жоба әзірге пилоттық тәртіпте жүзеге асырылады. Оған Yandex Go мобильді қосымшасындағы «Тамақ», Lavka және «Жеткізу» сервистері арқылы тапсырыс орындайтын әйелдер қатыса алады. Ол үшін әйел курьерлер кемінде төрт апта бойы осы сервистерді пайдалануы керек. Сонымен қатар, қатысушының қиын немесе дағдарысты жағдайда болуы ескеріледі.
Өтініштерді іріктеу кезінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматшаларға басымдық беріледі. Олардың қатарында балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар, мүгедектігі бар тұлғалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағып отырған аналар, сондай-ақ ауыр науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын жандар бар. Аталған санатқа жататын азаматтардың әр өтініші жеке тәртіппен бағаланады және әр жағдайдың ерекшелігі ескеріледі. Бұл ретте азаматтың басқа түскен жағдайы, отбасының қажеттіліктері және жоба талаптарына сәйкестігі негізге алынады.
Қатысу шарттары мен өтініш беру тәртібі туралы толық ақпаратты Yandex Pro мобильді қосымшасындағы «Ынтымақтастық туралы негізгі ақпарат» бөлімінен, «Әйел курьерлерге көмек» мақаласынан білуге болады. Қосымша ақпаратты тиісті сервистің қолдау қызметінен де алуға мүмкіндік бар.