Жеке тұлғаларға теңгемен берілетін жаңа несиелердің орташа мөлшерлемесі шілдеде 21,64%-ға жетті. Маусымда бұл көрсеткіш 20,86% болған. Яғни бір айда несие құны 0,78 пайыздық тармаққа өсті. Бұл туралы Ұлттық банктің статистикасы хабарлады.
Қысқа мерзімді несие ең қымбат
Шілдеде бір айға дейінгі қарыздардың орташа мөлшерлемесі 24,35% болды. Маусымда – 24,92%, мамырда – 26,54%.
1-3 айлық несие мөлшерлемесі 19,33%-ға дейін өсті. 3 айдан 1 жылға дейінгі қарыздар 22,12% орташа мөлшерлемемен берілді.
1 жылдан 5 жылға дейінгі несие мөлшерлемесі айтарлықтай өсіп, 24,78% жетті. Маусымда бұл көрсеткіш 22,97% болған.
Ал 5 жылдан ұзақ мерзімге берілетін қарыздар бойынша мөлшерлеме керісінше аздап төмендеп, 15,26% болды.
Бизнеске берілетін несие арзандады
Заңды тұлғаларға берілетін теңгедегі несиенің орташа мөлшерлемесі шілдеде 19,56% болды. Маусымда – 19,80%, мамырда – 20,30%.
Осылайша, шілдеде бизнеске берілген жаңа несие халыққа берілген қарыздардан орта есеппен 2,08 пайыздық тармаққа арзан болды.