Халық үй алуды азайтса да баға көтеріліп жатыр

Шілдеде Қазақстанда баспанаға сұраныс төмендеді. Halyk Finance сарапшыларының бағалауынша, қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы жылдық өсім көрсеткенімен, инфляцияны ескергенде іс жүзінде арзандаған.

Қайталама нарық «арзандаған»

Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, шілдеде қайталама нарықтағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы бір жылда 9,5% өсті. Алайда осы кезеңдегі инфляция 10,2% болғандықтан, сарапшылардың есебінше, қайталама нарықтағы баспана бағасы нақты мәнде төмендеген.

Жылдық өсім ең жоғары Көкшетауда – 14,3%, Павлодарда – 12,4% және Қостанайда – 12,2% тіркелді.

Шілде айының өзінде қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 0,1% өсті. Баға 13 қалада көтерілді. Ең жоғары өсім Қостанайда (3,6%), Жезқазғанда (3,2%) және Оралда (3%) байқалды.

Жаңа үйлер қымбаттап жатыр

Бастапқы нарықта баға өсімі жоғары болды. Бір жыл ішінде жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 14,6% қымбаттаған. Бұл инфляция деңгейінен 4,4 пайыздық тармаққа жоғары.

Ең жоғары жылдық өсім Астанада – 19,1%, Алматыда – 16,6% және Ақтөбеде – 15,1% тіркелді.

Шілдеде жаңа үйлердің бағасы орта есеппен 0,7% өсті. Петропавлда баға 2,5%-ға, Оралда 2,2%-ға қымбаттады.

Halyk Finance сарапшылары бастапқы нарықтағы сұраныс пен баға динамикасына зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану шектерінің жоғарылауы және БЖЗҚ-дан алынатын қаражат көлемінің қысқаруы әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Сауда азайды

Шілдеде тұрғын үй нарығындағы белсенділік те төмендеді. Сауда бір жылда 6,5%, ал маусыммен салыстырғанда 4,9% азайды.

Бір айда барлығы 37,2 мың мәміле тіркелді.

Сарапшылар алдағы уақытта тұрғын үй нарығына бірнеше фактор әсер ететінін болжап отыр. Олардың қатарында салықтық реттеудегі өзгерістер, зейнетақы жинақтарын пайдалану талаптарының өзгеруі, жаңа Құрылыс кодексінің нормалары және ипотекалық бағдарламалардың шарттары, соның ішінде «7-20-25» бағдарламасы бар.

Осы факторлардың жиынтығы алдағы айларда тұрғын үй бағасы мен сұранысының бағытын айқындауы мүмкін.