Биыл қаңтар-шілде қорытындысы бойынша, әуе компаниялары 7,3 млн адамды тасымалдады, бұл былтырғыдан 26,1% артық.
Ең жоғары көрсеткіштер Алматыда тіркелді: 2,5 млн адам, бір жылда 27,6% көбейген. Одан кейін елорда (1,9 млн адам) және Шымкент (678,5 мың адам). Әуе көлігімен ең аз жолаушы тасымалданған өңір Алматы облысы: 2,8 мың адам.
Жолаушылар айналымы 14,5 млрд жкм құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,5% артық.
Биыл қаңтар-шілдеде әуе көлігімен жүк пен багажды тасымалдау 13,3 мың тонна болды, бұл былтырғыдан 4,2% артық. Соның ішінде Алматы қаласы бойынша бұл көрсеткіш 7,8 мың тонна болса, Шымкент қаласында 3,5 мың тонна, Астана қаласында 1,9 мың тонна.
Қаңтар-шілде айларында жүк айналымы 28,9 млн ткм құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3% артық.
Айта кетейік, ҚР-да әуе компанияларының бірі «Qazaq Air» АҚ жекешелендіруге шығарылды. Бұл туралы әуе компаниясының сайтында 2023 жылдың 18 тамызында жарияланды. «Самұрық-Қазына» АҚ әуе компаниясының акцияларын сату бойынша ашық екі кезеңді байқау басталғаны туралы хабарлады. Бұл әуе билеттерінің құнына қандай да бір түрде әсер ете ме, жоқ па, әзірге айту қиын.
Биыл шілде айының қорытындысы бойынша, ҚР-дағы әуе жолаушылар көлігі қызметі бір жылда 10,5% қымбаттады.
Өңірлер бойынша баға ең қатты қымбаттаған өңір Жетісу облысы: бірден 52,7%. Одан кейін Қызылорда (46,9%) және Солтүстік Қазақстан (15,9%) облыстары. Ең аз қымбаттаған өңір Маңғыстау облысы: 0,7%.
Батыс Қазақстан облысында баға өткен жылдың деңгейінде қалды. Еліміздің тағы алты облысында – Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Ұлытау облыстарында баға төмендеді.