«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру үшін 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген, оның ішінде 1,4 трлн теңге мемлекеттік бюджеттен, 800 млрд теңге жеке инвестициялар тартылады, деді министр Бағдат Мусин.

Ұлттық жоба аясында сапалы интернет және ақпараттық қауіпсіздік бағыты бойынша қалаларда интернет желісіне секундына 10 МБ жылдамдықпен қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

«Қазіргі кезде 5163 ауылда және қалада интернет бар, бірақ 768 ауылда оның сапасы өте төмен. Қазіргі кезде интернеттің ең төменгі деңгейдегі көрсеткіштері белгіленді. Ол 3G үшін 1,5 МБ, 4G үшін 5 МБ. Осы параметрлерге сәйкестік бойынша тексерулер жүргізіледі. Биыл 400 астам тексеру жүргізіліп, 92 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Ал 3-4 айдан кейін тексеру барысында осындай жағдайлар қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе ұлғаяды. Бүгінде айыппұл мөлшерін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін көтері мәселесі қаралуда. Сондықтан операторлар интернет сапасын арттыру мақсатында бар күш-жігерін салады деп ойлаймыз», - деді министр.

Оның айтуынша, адами капиталды дамыту бөлігінде «виртуалды мұғалім» деген ұғым енгізіледі. Біріншіден, бұл информатика және бағдарламалау бойынша тәлімгерлерге, әсіресе мұндай мұғалімдер жетіспейтін ауылдарға қатысты болады. Пилоттық жоба Шығыс Қазақстан облысының 150 мектебінде сәтті жүзеге асырылуда. Ол ел бойынша таратылмақ.

«Қашықтыққа қарамастан, балалар информатика және бағдарламалау бойынша сапалы сабақтар ала алды. Сондай-ақ, екі жылдың ішінде жоғары білікті мамандар даярлауға қабілетті 20 инновациялық бағдарламалау мектебі құрылады. Елімізде осындай екі мектеп бар. Бүгінде түлектер Қазақстаннан жаһандық BigData компанияларында жұмыс істейді. Мысалға келтіре аламыз. Инновациялық мектептердің дамуын ынталандыру үшін 20 мың ваучер бөлінеді, олар дәл осы инновациялық бағдарламалау мектебінде тегін оқуға мүмкіндік береді. Тек студенттер ғана емес, мамандығын өзгертуге, IT-дағдыларын үйренуге құштар кез келген адам түсе алады. Жоғары оқу орындары шығаратын мамандардың бүгінгі деңгейі біздің сала үшін жоғары сапалы емес екенін түсінеміз. Бұл біздің ортақ проблемамыз және білім министрлігімен бірге 50 IT-факультетті бейіндік ЖОО-ларға немесе қалыптасқан IT-компанияларға беру бойынша ортақ жұмыс жүргізетін боламыз», - деді министр.

IT экспортын ынталандыру үшін ведомство шығындарды өтеуге ниетті. «Бәйтерек» қорының осы салаға да қатысты бағдарламалары бар. Шетелде пилоттық жобаларды субсидиялау және іске қосу жоспарланған. Ал IT-стартапшылар үшін жаңа технологиялардың өзіндік «сынақ полигоны» - «реттеуші алаңның» болуы да маңызды.

«Естуші және тиімді мемлекет» үшінші бағыты бойынша азаматтармен тікелей диалог орнату үшін «Е-петиция», «Е-өтініш» және т.б. алаңдарды құру маңызды, кез келген азамат смартфон арқылы өз бағасын бере алатын болады. Мемлекеттік аппарат ішіндегі процестерді бюрократизациялайтын құжат айналымын 50% төмендету көзделген. Тиімділікті арттыру үшін процестерді, мысалы, жобалық басқару бойынша - мемлекеттік құрылымдар арасында артық хат алмасуды қажет етпейтін қазіргі заманғы проджект-менеджмент құралдарында жүзеге асырамыз. Тәуекел аймақтарды анықтау немесе кедендік бақылауда көмек көрсету бойынша «жасанды интеллект» ұлттық жоба аясында енгізіледі. Әрине, біздің міндетіміз мемлекеттік деректер қорының интеграциясын 100% қамтамасыз ету және цифрландырудың платформалық моделін пайдалану», - деп сендірді спикер.

Қаптаған анықтама мен ауру тарихынсыз бір ғана смартфон. Цифрлық ведомство басшысы Бағдат Мусин дәрігерге немесе коммуналдық кәсіпорынға баруды жеңілдетуге уәде береді. Перспективаны 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланған.

"2025 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің 100% смартфонда қолжетімді болады", деді министр.