Жыл басынан бері Ұлттық қордан 1,4 трлн теңге жұмсалды, деп хабарлайды Қаржы министрлігі. Оның 1 трлн теңгесі Қазақстан бюджетіне кепілдендірілген трансферт, 411 млрд теңгесі мақсатты трансферт және 1,6 млрд теңгесі қорды басқаруға жұмсалған шығын болды.

Бұл ретте «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда Ұлттық қордан 2024 жылға арналған кепілдендірілген трансферттің көлемі 2 трлн теңге. Анықталғандай, үш айда бюджетке аударылған кепілдендірілген трансферт көлемі (1,039 трлн теңге) бүкіл жылдағы мүмкін болатын көлемнің жартысынан көп.

2024 жылдың үш айында Ұлттық қорға түскен түсім 1,17 трлн теңгені құрады. Оның ішінде мұнай секторы компанияларынан түскен тікелей салықтар 1,16 трлн теңгені құрады. Кірістің басқа бөліктеріне республикалық меншікті жекешелендіруден түсетін түсімдер (137 млн теңге), ұлттық компаниялар мен холдингтерді бәсекелес ортаға беруден түсетін түсімдер (47 млн теңге), ауыл шаруашылығы учаскелерін сатудан түсетін түсімдер (10 млн теңге) кіреді.

2024 жылдың басында Ұлттық қорда 29,1 трлн теңге болса, қазір ол 28,8 трлн теңгені құрап отыр. Нәтижесінде үш айда 280 млрд теңгеге азайған. Оның үстіне наурыздың өзінде Ұлттық қордан 400 млрд теңге шығарылып, 200 млрд теңгеге жуық қаржы түсті.

Салыстыру үшін: 2023 жылдың үш айында Ұлттық қордан 984 млрд теңге шығарылып, 1,5 трлн теңге түсті.