Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда шамамен 413 млн АҚШ долларына ұлғайып, шілдесоңында 60,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты.
Қаржы нарығына қатысушылар экономиканың орнықтылығына байланысты биыл рецессияның басталмайтынын болжап отыр. Ал жетекші инвестициялық банктердің экономистері құлдырап жатқан инфляция аясында қыркүйек отырысында ФРЖ мөлшерлеменің көтерілуін кідіртеді деп күтеді. Шілдеде инвесторларда оптимизм басымырақ болды және ол акциялар мен облигациялардың және алтын нарығының өсуіне әсер етті. Сөйтіп, шілдеде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 900 млн долларды құрады.
Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 284 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 591 млн доллар көлеміндегі шетел валютасы біркелкі сатылды. Бұл ретте шілдеде Ұлттық қордың шоттарына валюталық түсім 102 млн долларды құрады.
Алтынның белгіленген бағасы өскеніне қарамастан, айдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері алдын ала деректерге сәйкес 274 млн долларға төмендеп, 34,2 млрд доллар болды. АВА-ның төмендеуі Ұлттық Банктегі валюталық шоттардан қаражаттың әкетілуіне, сондай-ақ мемлекеттік борышты төлеуге байланысты болды.