БЖЗҚ салымшыларының ақшасы елдегі инфрақұрылым жобаларына инвестицияланатын болады, бұл ретте механизм ашық жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Ұлттық Банк басшысының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді, деп хабарлайды Naryk.kz.

Зейнетақы активтерінің қазіргі көлемі – 17,3 трлн теңге. Оның шамамен 70%-ы жергілікті нарыққа инвестицияланған. Бұл, негізінен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және басқа да қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына салынған инвестициялар. 

«Зейнетақы активтерінің шамамен 30%-ы шетел қаржы нарықтарындағы дамыған және дамушы елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар және жаһандық акциялар сияқты активтердің негізгі сыныптарына инвестицияланған. Осылайша, БЖЗҚ Қазақстан экономикасындағы ірі институционалдық инвестор саналады», – деді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.

2023-2024 жылдары БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша еркін өтімділіктің бір бөлігін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ квазимемлекеттік компанияларының облигацияларына инвестициялау жоспарланып отыр.      

«Мұндай инвестицияларды дұрыс түсіну қажет. Өйткені қазақстандықтардың ақшасы, бірінші кезекте, біздің экономикамызға жұмыс істеуге тиіс. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарына тұрақты инвестициялық кіріс алуды ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді», – деді Әлия Молдабекова.

Инвестициялау тетігін Ұлттық Банк төрағасының орынбасары ашық деп атап, компаниялар облигацияларды нарықтық шарттарда шығаратынын, ал БЖЗҚ осы бағалы қағаздарға қаражат салатынын атап өтті.

«Облигациялар Қазақстан қор биржасына шығарылады, оған БЖЗҚ-дан басқа барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады. Өз кезегінде, квазимемлекеттік компаниялардың өздері оларды өңдеу өнеркәсібіндегі және экономика үшін маңызды басқа да салалардағы ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттайды», – деді ол.

2023 жылғы 11 айда БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыс 1 279,4 млрд теңгеге жетті.