Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін биыл шикізат, соның ішінде металдар мен жанар-жағармай экспортына салық салуды қарастырып жатыр, деп хабарлайды Bloomberg өздерінің дереккөздеріне сілтеп.

Премьер-министр Олжас Бектенов қазір Қаржы министрлігінің белгіленген баж салығы туралы ұсынысын таразылап жатыр, деді ақпарат жария болмағандықтан аты-жөнін айтудан бас тартқан адамдар.

Күкірт, көмір және ферроқорытпалар, мыс пен темір рудалары мен концентраттары сияқты тауарларды жөнелтуге салынатын салықтар ең көп кіріс әкеледі деп күтілуде.

Бұл жаңалық жаңа Салық кодексі аясындағы ұсыныстар па, әлде бұл Қаржы министрлігінің жеке бастамасы ма, әзірге белгісіз.

Айта кетейік, 4 тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Қаржы министрлігі кейбір шикізатқа экспорттық баж салығын енгізуді ұсынғанын және олардың «экономикалық негізділігі бойынша талдау жүргізілетінін» хабарлаған.