Қыркүйек айында Түркістан облысында «ақ алтын» – мақтаның жинау науқаны басталды. Түркістан облысы Қазақстандағы мақта егетін жалғыз аймақ. Отандық шикізат Латвия, Молдова, Ресей, Беларус және Түркия елдеріне экспортталады.
Отандық мақта өндірушілердің жарқын мысалдарының бірі – «Рамазан Агро» ЖШС. Кәсіпорын 2009 жылы құрылды, оның иелігінде ауданы 723 гектардан асатын алқаптар және алынған шикізаттың құнын дайын өнім түрінде бірнеше есе арттыруға және көктемгі егіс жұмыстарынан бастап шитті мақтаны өңдеу аяқталғанға дейін жыл бойы үздіксіз өндірістік процесті қолдауға мүмкіндік беретін жеке мақта өңдеу зауыты бар. Кәсіпорынның 60-қа жуық жұмысшысы болса, зауытта егін жинау науқаны кезінде 350-400-ге дейін жұмысшы істейді.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиал директорының орынбасары Бекжан Жұқабаев атап өткендей, «ҚазАгроҚаржы» АҚ өңірдегі шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде. «2023 жылы филиал жергілікті фермерлерге 9,5 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру бойынша өршіл жоспарын белгіледі. Бүгінгі күні жылдық жоспардың 74 пайызы орындалды, яғни 7,3 миллиард теңгенің құрал-жабдықтары бенефициарларға жалға берілді. Бұл сандық көрсеткіште 575 техника, оның ішінде 176 бірлік мақта жинауға арналған. Осылайша, біз бірлескен күш-жігер арқылы мақта жинау науқанын табысты өткізуге, облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға күш саламыз», – Бекжан Жұқабаев.
Бекжан Жұқабаевтың айтуынша, «Рамазан-Агро» ЖШС жоғары технологиялық техниканы пайдаланады. Қожалықтың меншігінде 120-дан артық техникасы бар: John Deere мақта комбайндары, John Deere және «Беларус» доңғалақты тракторлары, трактор тіркемелері, алдыңғы және телескоптық тиегіштер, культиваторлар, сепкіштер, соқалар және тағы басқалары.
«Технологияның арқасында орта есеппен гектарына 25-26 центнерден өнім алған егіншілік гектарына 40 центнерге дейін өнім алуда. Біз PROGEN TOHUM түрік өндірушісінің элиталық тұқымын қолданамыз. Өткен жылы 20 мың тоннаға жуық шитті мақта өндірсек, биылғы маусымда оның көлемін 25 мың тоннаға жеткізуге жоспарлап отырмыз», – дейді «Рамазан Агро» ЖШС директоры Мейірхан Батырбек.
Жалпы алғанда, компанияның өнімдері, оның ішінде талшық, мақта тұқымы, линт және ұлық ішкі нарықта да, басқа елдерде де қолданылуда.
«Мәселен, өңделген тұқымдар Қазақстанда «Доня» брендімен танымал мақта майын өндіретін «ШымкентМай» АҚ жергілікті кәсіпорнына жіберіледі. Кәсіпорын өңделген мақта шикізатын – мақта талшығын, линтті, ұлықты – Латвия, Молдова, Ресей, Беларус және Түркияға, оның ішінде Cotton CZ s.r.o серіктестігі арқылы экспорттайды. Мақта өндірісі іс жүзінде қалдықсыз», – деп айтты «Рамазан-Агро» ЖШС директорының кеңесшісі Марат Қамбаров.
Мақта дүние жүзіндегі талшық өндірісінің 35%-ын қамтамасыз ететін, әлемдегі ең маңызды дақылдардың бірі болып табылады. Жоғары қосылған құнына байланысты мақта «ақ алтын» деп аталады және оның өндіруі дамушы елдердің экономикасының дамуында маңызды рөл атқарады. 2021 жылы тамыз айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 7 қазанды жыл сайынғы Дүниежүзілік мақта күні деп жариялады.