Түрік кәсіпкердің таласы: CoreX Holding Көктасжал кен орнына ешқашан иелік етпеген

«Altyndara» компаниясы Көктасжал кен орнына қатысты меншік құқығына байланысты ақпаратқа түсініктеме берді. Компанияның мәлімдеуінше, түркиялық CoreX Holding аталған активке де, оны игерген кәсіпорындарға да ешқашан иелік етпеген. Компанияның баспасөз қызметі бірқатар БАҚ-та жарияланған материалдарға байланысты ресми мәлімдеме таратты.

Altyndara дерегінше, 2021 жылға дейін Көктасжал кен орнына қатысты актив Руслан Юнға тиесілі болған. Кейін «Алтай Полиметаллы» және «Теректі Кен Байыту» ЖШС-лері корпоративтік құрылым арқылы басқарылған. Олардың түпкілікті бақылаушысы Ксения Юн болған.

Altyndara аталған екі серіктестіктен тек өндірістік мүлікті сатып алғанын мәлімдеді. Компанияның түсіндіруінше, мәміле аясында сатушы кәсіпорындардың жарғылық капиталындағы үлестері, акциялары немесе корпоративтік басқару құқықтары сатып алынбаған.

«Барлық мәміле қажетті корпоративтік шешімдер негізінде және халықаралық заңгерлік кеңесшілердің қатысуымен жүзеге асырылды», – делінген хабарламада.

Компанияның мәліметінше, меншік құқығын тексеру нәтижелері CoreX Holding, Yildirim компаниялары мен басқа да түрік инвесторларының аталған кәсіпорындарға және олардың мүлкіне ешқашан иелік етпегенін көрсеткен.

Осыған байланысты Altyndara CoreX Holding өкілдері таратып жатқан ақпарат мәміленің нақты мән-жайлары мен құжаттармен расталған меншік құрылымына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.