Капитал нарығы туралы жаңа заң әзірленеді

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы мен «Капитал нарығы туралы» жаңа заң жобасы қаралды.

Бағалы қағаздар нарығы екі есеге жуық өсті

ҚНРДА төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы айтарлықтай кеңейген.

2021 жылы акциялар мен облигациялар нарығының жиынтық көлемі 51,1 трлн теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 99,8 трлн теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бөлшек инвесторлардың шоттары 5 млн-нан асқан.

Қазір акциялар нарығының капиталдануы 41,8 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 26%-ын құрайды. Облигациялар нарығының көлемі 58 трлн теңгеге жетіп, ЖІӨ-нің 36%-ына тең болған.

Алайда нарықтың өсуіне қарамастан, жеке бизнестің қор нарығы арқылы қаржы тарту мүмкіндігі әлі де шектеулі.

Мәселен, облигациялар нарығының 59%-ы мемлекеттік бағалы қағаздардан, 30%-ы квазимемлекеттік сектор облигацияларынан тұрады. Жеке бизнестің үлесі небәрі 11%.

Акциялар нарығындағы сауда айналымы да төмен. Оның нақты көрсеткіші 1,4% болса, мақсатты деңгей 5-10% аралығында белгіленген. Облигациялар нарығындағы айналым шамамен 9%, ал мақсатты көрсеткіш 20-25% деңгейінде.

Капитал нарығын дамытудың жеті бағыты

2030 жылға дейінгі бағдарлама жеті бағыт пен 35 стратегиялық бастаманы қамтиды.

Олардың ішінде:

  • зейнетақы активтері мен инвестициялық қорларды дамыту;

  • борыштық бағалы қағаздар нарығын кеңейту;

  • туынды қаржы құралдарын дамыту;

  • IPO өткізу мүмкіндіктерін арттыру;

  • шағын және орта бизнестің акциялар нарығына шығуын жеңілдету;

  • қайталама нарықтың өтімділігін арттыру;

  • инвесторлар үшін жаңа қаржы құралдарын енгізу бар.

Сонымен қатар бағалы қағаздарды қарызға беру және жабылған қысқа сатылым тетіктерін енгізу, маркет-мейкерлердің қызметін жетілдіру, тәуелсіз инвестициялық талдауды ынталандыру жоспарланып отыр.

«Бағалы қағаздар нарығы туралы» заң күшін жояды

Бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі заңнамалық негізі «Капитал нарығы туралы» жаңа заң болады. Ол 2003 жылдан бері қолданыстағы «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңды алмастыруы тиіс.

Жаңа заң жобасы туынды қаржы құралдары мен цифрлық қаржы активтерін қоса алғанда, капитал нарығын реттеу аясын кеңейтеді.

Сондай-ақ инвесторларды қорғау үшін білікті инвестордың бірыңғай өлшемшарты енгізіледі. Брокерлер клиенттердің тапсырмаларын барынша тиімді шарттармен орындауға міндеттеледі.

Құжатта қаржы және инвестициялық консультанттар институтын дамыту да қарастырылған. Ал компаниялардың қор нарығына шығуын жеңілдету үшін Орталық депозитарий базасында «бір терезе» қағидатын енгізу жоспарланып отыр.