Екібастұздағы деректер орталығы экспорттан жылына $3,1 млрд таппақ

Павлодар облысының Екібастұз қаласында салынып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының жалпы қуатын 2029 жылға қарай 1 ГВт-қа жеткізу жоспарланып отыр. Жобаның 20 жылдық қызмет ету мерзімінде Қазақстанға тартылатын инвестицияның жиынтық көлемі $115 млрд деп бағаланып отыр. Ал жыл сайынғы әлеуетті экспорттық кіріс $3,1 млрд болуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, KPMG халықаралық агенттігінің бағалауынша, жоба Қазақстанның цифрлық қызметтер экспортын дамытуға елеулі үлес қоса алады.

Бірінші кезеңге үш дата-орталық салынады

Жобаның бірінші кезеңінде жалпы қуаты 304 МВт болатын үш деректерді өңдеу орталығын салу көзделген.

Оның ішінде:

  • Бірінші орталық – 68 МВт. Құрылыс жұмыстары басталған. Нысанды 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

  • Firebird AI орталығы – 164 МВт. Қазаншұңқыр қазу жұмыстарының 70%-ы аяқталған. Орталықты 2027 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру көзделген.

  • Үшінші орталық – 72 МВт. 2027 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарланған.

«Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, бірінші орталықтың құрылыс алаңында іргетас қалау, инженерлік инфрақұрылым мен әкімшілік ғимараттар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шетелдік компаниялар 480 МВт қуатқа қызығушылық танытты

Жобаның екінші кезеңінде Gaw Capital, Boosteroid және Firebird компанияларымен 480 МВт есептеу қуатын орналастыру жөнінде алдын ала келісімдер жасалған. Бұл көрсеткішті 620 МВт-қа дейін арттыру мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар Aleria, Energy Capital Global және China Energy компанияларымен қосымша 240 МВт есептеу қуатын орналастыру жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Оны 420 МВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған.

Үшінші суперкомпьютерлік кластер де талқыланды

Кеңесте Қазақстанда үшінші суперкомпьютерлік кластер құру жобасының жүзеге асырылу барысы да қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне «Қазақтелекоммен» бірлесіп, деректер орталықтарын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.