Елімізде автопарктың жаңартылуы өте баяу жүріп жатыр. Себебі, қазақстандықтардың дені арзан көлік іздейді. Мәселен, Kolesa.kz сайты қолданушыларының 70%-ы 5 млн теңгеге дейінгі бағада көлік қарастырады. Бұл туралы Kolesa group компаниясының бас директоры Дмитрий Ботанов KURSIV AUTO 2024 Қазақстан көлік нарығы қатысушыларының бірінші тәуелсіз форумы аясында айтты.
Оның сөзінше, сайт қолданушыларының 50%-ы құны 10 млн теңгеге дейінгі көлік қалайды екен. Ал жаңа автомобильдерді қызықтап, сайт арқылы иелеріне қоңырау шалатындадың үлесі небары 6-7% шамасында.
«Қазақстанда сатылатын қолданылған немесе жаңа он көліктің тоғызы Kolesa.kz платформасында саудаланады. Ай сайын сайтқа 5,5 млн адам кіреді. Олардың 1,5 миллионы жаңа көлік іздеушілер. Автонарыққа қатысты айтсақ, соңғы жылдары Германиядан, жалпы Еуропадан әкелінген машиналар саны азайып, керісінше Жапония, Қытай, Корея көліктері артты. Жалпы, мүлік сатып алушыларды ең бірінші қызықтыратыны – оның бағасы», — дейді Kolesa group компаниясының Бас директоры Дмитрий Ботанов.
Дмитрий Ботановтың айтуынша, автонарықтың бүгінгі халі халықтың әл-ауқатымен, елдің экономикалық жағдайымен тікелей байланысты.
Бұл ретте, Қазақстан автопаркі 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін айтарлықтай жаңарғанын айта кеткен жөн. Алайда, кейінгі бір жарым жылда паркке өте ескі машиналардың келу үрдісі байқалады. Форум спикерлерінің мәлімдеуінше, өзге мемлекеттер өз нарығын тазалап жатқанның әсерінен біздің парк те жаңаланып жатқан жоқ.
«Бұл ретте, тоқсаныншы жылдар қайталана ма деп те қорқамыз. Сол кездері ТМД елдері Еуропа мен Азияның мемлекеттерінің ескі көліктерін мінетін. Біз Қазақстанның ескі көліктердің қоқыс аймағына айналғанын қаламаймыз. Сол себепті жүргізушілердің өз көліктерін жаңартуы үшін бар жағдайды жасауымыз керек», — деп атап өтті Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.
Тәуелсіз форумға қатысып жатқан мамандардың сөзінше, ескі машиналарға деген қызығушылық әлі болғанымен, нарықтың жаңашылдықтарына ілесетін тұтынушылар да жетерлік.
«Бұл күндері электркөліктеріне деген сұраныс артып тұр. Ол үлкен трендке айналды. Мәселен, 2019-2020 жылдарға дейін электромобильдердің жылдық импорты шамамен 1 мың көлік шамасында болса, 2023 жылы Қазақстан нарығына осындай 8,5 мың машина әкелінді. Дегенмен, олардың басым бөлігі басқа мемлекеттерге тасымалданғанын айта кеткен жөн», — дейді Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.
Жалпы іс-шара аясында жаңа және ескі автокөліктерді сату динамикасы мен тұтынушылық сұранысқа әсер ететін факторлар қарастырылып жатыр. Бұдан өзге, жергілікті автомобиль өнеркәсібінің қазіргі жағдайы мен даму болашағы сөз болды. Қатысушылар қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын, шығарылатын автокөліктердің ассортиментін, сондай-ақ құрастыру желілерін кеңейту жоспарларын қарастырды.