«Келісім сомасы шамамен 1 млрд доллар», — деді сейсенбіде, 18 маусымда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Қазақтелеком» өзінің еншілес компаниясы – Tele2/Altel-ді қаншаға сатады деген сұраққа жауап бере отырып.
Министр сатып алушы «осы ұялы байланыс операторының жоспарлары мен міндеттемелеріне сәйкес» базалық инфрақұрылымға инвестиция салатынын айтты. Tele2 5G базалық станцияларын салуға міндеттеме алады.
Еске салайық, Tele2/Altel «Қазақтелекомның» басқа еншілес кәсіпорны Kcell-мен консорциумда 2022 жылдың желтоқсанында 5G жиіліктері бойынша аукционды жеңіп алған болатын.
Катарлықтар келісім бойынша 5G инфрақұрылымына нақты қанша инвестиция салуы керек деген сұраққа министр нақты жауап бермеді және тек барлық ұялы байланыс операторларының инвестициясының жалпы сомасын атады - алдағы бес жылда кемінде 1 млрд доллар салынуы тиіс.
Қазақстанда Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС сатып алушысы «Qatar Power International Holding». «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымы «Қазақтелеком» онымен 2024 жылдың ақпан айында Катарда Қазақстан Президенті мен Катар Әмірінің қатысуымен телекоммуникация саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.